Мешіт салу - сауапты іс екенін әр мұсылман жақсы біледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Алла ризалығын табу үшін мешіт салса, Алла Тағала ол адамға жәннаттан үй тұрғызады»,- деп, мешіт салудың мол сауап, әрі игілікті амал екендігін айтып кеткен. Мамырдың 16-күні Шет ауданына қарасты Бұрма ауылында жаңа мешіт бой көтеріп, мешіттің салтанатты түрде ашылу рәсімі болып өтті. Осы мерекеге Қарағанды қаласы №1 мешіттің бас имамы Орманбет қажы Құнанбаев, Шет ауданы «Жанқұтты би» мешітінің бас имамы Берік қажы Алпысбайұлы, аудан әкімінің орынбасары Әбилдин Азамат, ауыл молдалары және ауыл тұрғындары жиналды. Жиналған көпшілікке ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының құттықтау сөздерін, игі тілектерін жеткізілді. Сондай-ақ, тағылымы мол уағыздар насихатталды.
Мешіт 150 адамға арналып салынған, қосымша 100 адамдық асханасы бар. Қос ағайынды Саламат пен Азамат Ахметовтер аталмыш мешітке демеуші болып, қолдау көрсетті. Ағайындылардың әкесі марқұм Марат Кеңшілікұлы кезінде осы ауылдың басшысы болып, халыққа қызмет атқарған. Сол кезеңде абзал әкенің "ауылға мешіт салсам" - деген арман, ниеті бүгінде орындалды.
Дін өкілдері, аудан әкімшілігі мен ауыл әкімі осы екі азаматқа алғыс айтып ризалықтарын білдірсе, ақсақалды қариялар ақ баталарын берді.
Шет ауданы «Жанқұтты би» мешітінің бас имамы Берік Алпысбайұлы жаңа мешітке Қарағанды қаласы Әділет басқармасынан берілген анықтамасы мен ережесін ауыл молдасына табыс етті. Жиналған жамағат сәлем намазын мешітте оқып, мешіт асханасында дайындалған астан дәм татып, зор қуанышпен қол алысып тарқасты.
Шет ауданы «Жанқұтты би» мешіті 16.05.2015 жыл
Пікірлер