Биыл мемлекетіміз Ұлы Отан соғысының жеңісіне 70 жыл толу мерейтойын атап өтуде. Бүгінгі жарқын болашақ үшін Ұлы Отан соғысында дүниеден өткен батырларымызға тағзым етіп, оларды еске алу азаматтық міндетіміз.
Осыған орай Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешітінде мешіт шәкірттері – қажы апаларымыз бен ардагерлер дастархан үстінде бас қосты. Мешіттің Бас имамы Махмұд қажы Нұров жиналған көпшілікке бұл күннің кейінгі ұрпаққа тәрбиелік мәнінің зор екендігіне тоқталды. Әр ай сайын қажы апаларымыз Құранды хатым етуді дәстүрге айналдырған. Бас имам осы айдағы хатым сауабын сонау соғыс жылдарында ерлікпен қаза болған шәхидтерге бағыштады. Дастархан басында Еңбек ардагері Қарсыбекұлы Жұмабек ақсақалға сөз берілді. Атамыз 15 жасынан шахтадағы еңбекке араласқанын, қиындыққа төтеп беріп бүгінгі күнге жеткеніне Аллаға шүкіршілігін білдірді. Балалық шақтары соғыс кезінде өткен Ильясұлы Серік, Уәлиұлы Айтбай аталарымыз, Еңбек ардагері Сақыпжамал қажы Усабаева апамыз қиын-қыстау кездерін еске алып, ұрпаққа үлгі боларлық насихат айтты.
Соғыс жылдарында хабарсыз кеткен жандар да аз емес. Мешіт шәкірті Бекамал қажы Жабағина 36 жылдан кейін іздеу салып, майданға қатысқан және хат-хабарсыз кеткен қайын атасы жайлы мәлімет тауып, есімін Ленинград қаласындағы «Батырлар тақтасына» жаздырғаны жайлы әңгіме шертті.
Сұрапыл соғыс жылдарын еске алу әркімге ұмытылмас әсер қалдырды. «Елі үшін туып, елі үшін өлген» батыр аға-апаларымызды әрдайым құрметтеп, Алладан жандары жәннатта болуын тілейміз.
Пікірлер