Қарағанды өңірі қуанышты хабармен қауышты. Бұқар жырау ауданына қарасты Қараөзек(Ростовка) ауылында жақын арада ашылатын жаңа мешіттің қазығы қағылып, игілікті рәсімі өткізілді.
Халық игілігіне берілетін жаңа мешіттің құрылысы асыл дінімізге жанашыр, жомарт қолды азамат Түсіпбеков Жанат Рашитұлының демеушілігімен жүргізілетін болады.
Алғашқы іргетасын қалау рәсімінде ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы Құран оқып, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Рәсімге Күләш қажы апа, аудандық мешіттің бас имамы Аманбол Мукаев, ауылдық мешіттердің имамдары, ауыл әкімі Асқар Отыншиев, ауыл ақсақалдары арнайы қатысып, сөз сөйлеп, игі қуанышпен бөлісті.
Игі шараның барысында жаңадан ашылатын мешіттің жобасы жиналған көпшілікке толықтай түсіндіріліп, мешітке Күләш қажы апа Құран кітапты сыйға тартты. Сонымен бірге сауапты бастаманың құрметіне құрбан шалынып, 3 киізүйде барша жамағатқа ас берілді.
Қарағанды облыстық орталық мешіттің баспасөз қызметі
Пікірлер