Қазақ қызы – ибалы, иман жүзді және көркем мінезімен дараланған. Бұл ықылым заманнан бері келе жатқан қазақ қыздарының бойындағы ізгі қасиет. «Қыз өссе елдің көркі»-деп халық даналығына қосқан ата-бабаларымыз қыз баласының тәрбиесіне, өсіп-өнуіне айырықша мән берген. Біз айтып отырған тәрбиелі де инабатты қыздар бүгінде бар ма? Қыз атаулысына кейбіреулер неге сенімсіздік білдіреді? осы сынды себепті сауалдар турасында Қарағанды облыстық орталық мешітінің кітапханасында өткізілген «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» шарасында кеңінен тарқатыла айтылды.
ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының басшылығымен өткізіліп отырған шараға облыстық орталық мешіттің наиб имамы Мерей Жақия және мешіт жамағаты апаларымыз, қыздарымыз қатысты.
Мешіт кітапханашысы Дәния Іңкәрбайқызы қадірлі қонақтармен қыздар тәрбиесі мен болмысы жайлы салиқалы сұқбат жүргізіп, әрбір қыз баласы үлгі аларлықтай өнегесі мол видеороликтерді ұсынды.
Тығылымы мол шара барысында асыл дініміз бен салт-дәстүріміз бойынша қыз баласының рөлі, міндеті, алға қойған мұраттары барынша дәріптелді. Қатысушы апаларымыз тарих толқынында өзіндік өшпес із қалдырған аяулы аналарымыздың жолы мен бүгінде имандылығымен, парасаттылығымен еліміздегі жүректі аналарымыздың ізгіліктеріне арнайы тоқталып өтті. Сонымен бірге кейінгі өскелең ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен ұршық иіру, әдемі өрнектер ою, құрақ құрау т.б ұлттық құндылықтарымыз көрсетілді. Бұл шарада хадистер бойынша жарыс өткізіліп, хадис-аяттарды жатқа айтып, шебер жеткізген қатысушылар да болды.
Діні, дәстүрі, қазақилығы ұштасқан шарада қыздарымызға облыстық орталық мешіттің наиб имамы Мерей Жақия уағыз-насихат жүргізді.
Қарағанды облыстық орталық мешіттің баспасөз қызметі
Пікірлер