Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Халқымызда «жылу», «асар» деген жақсы сөз бар. Игі тілектен туған тұжырым ғой. Біреудің басына қиындық түссе, «жылу» жинап, қайырымдылық танытады. Ал ортақ істе, игі жұмыста, айталық үй салу, ғимарат тұрғызу секілді істерде «асар» жасалады. Асыл дінімізден бастау алған амалдар дәстүрімізде де айқын көрініс тапты.
Биыл Қарағанды облысындағы тұрғындар су тасқынынан зардап шекті. Халқымыз бұл сынақта шет қалмай, қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр.
Су тасқынынан зардап шеккен бауырларымыздың басына түскен ауыртпашылық, әрине барша халқымызға, қоғамға ортақ мәселе екені анық. Табиғи апат орын алған кезден бастап-ақ бауырларымыз көмек көрсетуде белсенділік танытты. Басына ауыртпашылық түскен адамға көмектесу – ол да мұсылмандығымыздың белгісі.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының игі бастамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да халықтық мәселеде шет қалмай, қайырымдылық көмегін аямауда. ҚМДБ-ның «Қайырымдылық кереуені» атты арнайы акция ұйымдастырылды. Акция әлі де жалғасуда.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде кім мұсылманның бұл дүниедегі уайым-қайғысын азайтса, Алла оның қияметтегі бір уайым-қайғысын азайтады», – деген. Хадиске амал еткен бауырларымыздың қайырлы істеріне Алла сауаптан жазғай деп тілеймін.
Қайырымдылық акция аясында қала, облыс мешіттерінде арнайы көмек жинау қоғамдық пункттері ашылды. Жамағат өз қалауымен тұрмыстық заттар өткізіп, қаржылай көмек беріп жатыр, азық-түлікпен де акцияға үлес қосып жатқандар бар. Жұма намазында көмек көрсету туралы жамағатқа арнайы айтылды. Қазір жамағат бұл бастамамызға белсенділік танытып, өз мүмкіндіктері бойынша көмегін көрсетуде.
Астана мен Алматыдан бастау алған акция өзге де облыстарда жалғасын тапты. Қазір республика бойынша мешіттер мен жанашыр жамағат тарапынан жиналған гуманитарлық көмек 130 тоннадан асты. Оның ішінде тұрмысқа қажетті заттар, киім-кешектер, азық-түліктер бар. Аталған көмек тұрғындарға табысталып жатыр. Жуырда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен Елордамыздан келген ҚМДБ Жалпы және жастар бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан, ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы және Алматы қаласының имамдары өңірімізде болып, жағдаймен танысты. Тұрғындармен кездесіп, көмек көрсетті. Имамдарымыздың ұйымшылдықпен атқарған сауапты амалдарына жергілікті әкімшілік пен халық алғысын айтуда.
«Бірлігі күшті ел озады», – дейді халқымыз. Жамағат жұдырықтай жұмылып, ортақ іске атсалысып, мұсылмандығымызды тағы бір рет паш еткені қуантты. Тіпті, Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университетінде оқитын студенттер де Қарағанды облысындағы ағайын-бауырлардың басына түскен ауыртпашылықпен бөлісті.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Пенденің уайымына ортақтасса, оның уайымы азаяды, ал қуанышына ортақтасса, оның қуанышы артады», – деген. Тағы бір хадисте айтылғандай, мұсылмандар бір дене секілді. Адамның бір ағзасы ауырса, оның өзге де ағзалары ауырады. Сол секілді бір мұсылманның басына ауыртпашылық түссе, өзге де мұсылмандар бауыры үшін уайым шегіп, қолдан келген көмегін жасайды. Алла Тағала қасиетті Құранда барша адамзат баласына: «Бір-бірлеріңе жақсылықта көмектесіңдер», – деп бұйырған. Осындай уақытта біз бір-бірімізге қайырымдылық жасауымыз керек.
Бір қиындықтың артында бір жеңілдік бар деген. Алла Тағала елімізді, жерімізді түрлі тосыннан келетін табиғи апаттардан сақтағай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Алла Тағала бұл қиындықтың артын жақсылыққа ұластырғай. Әмин!
Өмірзақ БЕКҚОЖА,
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы
Пікірлер