Дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазірет: «Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзақ-сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, келешегін жоспарлайды» дей отырып, қазақ халқының асқақ рухын, ерік-жігерін, иманы мен ибалығын еске салған болатын. Бүгінгі жаһандану деген үрдіс қалыптасқан қоғамда рухани, мәдени, имани біліктіліктің қалыптасуы және жастардың салауаттылығын дамыту, Ислам мәдениетінің жастардың тәрбиесіндегі моральдық қатынастары құндылықтық бағдар қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Осындай ұлы мақсаттарды мұрат еткен елжанды азаматтар қоғамның рухани гүлденуіне тиісінше үлестерін қосып жүр. Ардақты елшіміздің «Отанды сүю-иманнан» деген өсиетін өмір шындығына айналдырып, ортақ мекеніміз Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығын баянды ету осы мекенде тұрып жатқан кімге болса да міндет. Осы орайда, Қарағанды қалалық №1-мешітінің бас имамы Орманбет Болатұлы мен «Салауатты қоғам» ҚБ-нің төрағасы Тағаев Нұрболдың бірлескен іс-қимылының нәтижесінде №1-мешітте жастармен салихалы сұхбат өткізілді. Сұхбатта қазақ мәдениеті дүниетанымдық тұжырымнамаларының қалыптасуындағы ислам құндылықтары, Қазақстандағы дәстүрлі исламға жат ағымдарға бой алдырмау, салауаттылық пен діни сауаттылық, патриоттық сезім мен шынайы ықылас турасында насихаттар қамтылды. «Салауатты қоғам» ҚБ-нің құрылғанына көп болмаса да, көпшіліктің көкейіндегі өзекті мәселелерді меже қылып, мемлекетіміздің рухани өркендеуі мен діни түсінікті дұрыс қалыптастыру бағытында атқарып жатқан жұмысы жүйемен жалғасып келеді.
Пікірлер