Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймын.
Бауырмалдық – адам бойындағы ізгілікті сезімдердің бірі. Мұның әсіресе Ислам дініндегі алатын орны өте ерекше. Адам баласының бір-біріне бауырмалшылдығы берік болса, онда ол қауымның немесе мемлекеттің келешегі баянды болмақ. Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Жердегілерге рақымдылық жасаңдар. Сонда көктегілер де сендерге рақымдылық жасайды» дейді. Ендеше, мейірім мен рақым – жалпы жаратылыстың түп негізі. Құрандағы барша сүрелер Бисмиллахи рахмани рахиим деп басталуы Алланың рақымдылық сипатынан хабар береді. Ендеше адам баласына Алла Тағала ақыл беріп жаратып, сол мейірім, рақымды жасасын деп әмір етті. Дүние-сынақ, ендеше көктемгі су тасқыны адам баласына үлкен сынақ болды. Зардап шеккен пенде сабыр етсе, жағдайы дұрыс адам баласы оларға жәрдем етсе, міне Алланың рақым мейірімі осында. Облыс көлеміндегі апат жағдайға Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы тарапынан үндеу жарияланып, Қарағанды облысының өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының бастамасымен облыстың және аудан мешіттері тарапынан жәрдемдесу шарасына атсалысуда. Саран халқы су апатына түскен қандастарымызға жәрдем, көмегін қалалық мешітке әкеліп, үлкен сынақ жұмысына атсалысты. Жексенбі күні Бұқар жырау ауданы, Жастілек ауылында су апатына ұшыраған жандарға Саран жұртшылығының жинаған киім-кешек, тамақ, қаржылай көмектерін жеткізіп, мұсылмандық борыштарын орындады. Жастілек халқы атынан Саран жұртшылығына, кәсіпкерлерге, мекеме басшыларына Алланың нұры жаусын деген сәлемін жеткіземіз. Бірлігі жарасқан Саран халқының тілек-баталары әрқашан қабыл болып, ұрпақтары аман-есен болсын, Алла Тағала екі дүние бақытын берсін. Әмин!
Мұқаметқали қажы, Саран мешітінің бас имамы
Пікірлер