Қарағанды облыстық мешітінің 1-ші наиб имамы Серік Құрманов Қарағанды қалалық №1-мешітінде дін қызметкерлерімен кезекті кездесуін өткізді. Жыл басында өткен жиында ҚМДБ-ның тарапынан берілген бағыттар бойынша атқарылуы тиіс іс-шаралар жоспарымен танысып, оның орындалу барысының нәтижесі қадағаланатындығын ескертіп өткен болатын. Бас имам Орманбет қажы жұмыстардың жалпы бағыты бойынша тоқталып жиынды ашып берген соң, өз міндеттерімен бекітілген сала бойынша наиб имамдар есеп берді. Атап айтқанда, діни істер мен оқу-ағарту саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңда мешіт жанындағы діни сауат ашу курсында үлкенді-кішілі 101 шәкірт болса, оның 48-і ер адамдар, 53-і әйел қауымы. Дәрістер Құран оқу, тәжуид, фиқһ, ақида, сира тақырыптарында өтеді. Аптаның дүйсенбі күндері Долинка кентіндегі екі түзету мекемесіндегі сотталушылармен тұрақты уағыз жүргізіледі. Бесін мен құптан намаздарының алдында әртүрлі тақырыпта уағыз үзілмейді. «Жалпы және Жастар ісі» бойынша төрт рухани іс-шара, 25 қайырымдылық жасалды. Аптаның жұма күндері осы күнгі насихат бүктеме ретінде дайындалып жамағатқа таратылады. Айына 1500 данамен «Ислам. Сауалдар мен жауаптар» айдарымен отыз беттік шағын кітапша тегін үлесіріледі. Бұл кітапша жинағында ҚМДБ-ға қарасты сайттардан маңызды мағлұматтар қамтылған. Ауқымды іс-шаралар облыстық «Ихсан.кз» сайтына уақытылы жарияланады. Жыл басынан бері он бес мақала жарық көрді. Сәуір айынан бастап жексенбі күндері дінтанушы ұстаздардың бесін намазынан соң жамағатқа дәріс оқуы жолға қойылды. Дәрістерді РАНТ мүшесі, облыстық мешіттің ұстазы Тағаев Нұрбол және Балақажы мешітінің наиб имамы Серкебай Қайрат өткізеді. Жалпы осы негізде атқарылған іс-шаралар есебін тыңдаған С.Құрманов мешіт қызметкерлерінің жұмысына оң баға берді. Дегенмен, жұмыс болған жерде жетіспеушілік те болатындығы бар. Өз саласы бойынша жеткілікті жұмыс атқармаған екі наиб имамға сын да айтылды. Жиын соңында алдағы тоқсанға арналған үш айлық жоспармен танысты.
Қарағанды №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер