Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Имамдық - үлкен академиялық мектеп
14 сәуір, 2015 жыл 114 Басып шығару нұсқасы

Бүгін  ҚМДБ-ның бес облыстан келген өкіл имамдары Нұр-Мүбарак университетінің биылғы түлектерімен кездесті.  Басты  мақсат – болашақ жас  мамандарды өңірлерге, имандылық іліміне   мұқтаж елді-мекендерге жұмысқа шақыру.  Имамдар айтқан ақпараттардан ұғынғанымыз, қазір ел ішінде білімді дін мамандары жоқтың қасы. Кей мекендерде мешіт болса да сауатты имам жетіспейді. Енді осы бес өңірден келген өкіл имамдардың уәжіне аздап тоқталсақ.


   «Алладан үміті зор, сауаптан дәмелі жастар,  шалғайдағы ағайын сіздерді күтіп отыр,»-деп бастады әңгімесін Ақтөбе облыстық ҚМДБ-ның өкіл имамы Әбдімүтәліп Дәуренбеков. Әбдімүтәліп қажының осылайша кесіп сөйлеуіне ел ішіндегі  ахуал түрткі  болғаны анық. Себебі, қазір  жер көлемі үлкен, бірақ халқы  800 мың шамасында  болатын Ақтөбе облысында 69 мешіт қызметкері болса, оның тек 12-ң ғана білімі жоғары. Ал қалғанының жартысы медресені, қалған 29 қызметкер 2 айлық курсты оқыған. «Осыған да шүкіршілік етіп, барға қанағат еткенімен, елдің дінге деген құлшынысын қанағаттандыру мүмкін емес. Сондықтан өздеріңдей жастықтың оты жалындап, дін жолында қиындықтан қаймықпайтын білімді жастар керек бізге, Ақтөбеге қызметке келсеңіздер, біз сіздердің қызметтеріңізде боламыз,»-деді Әбдімүтәліп Дәуренбеков ағалық жолын жастардың алдына иіп.


 Ия, осыдан 4-5 жыл бұрын Ақтөбе облысында діни сауатсыздықтың кесапаты айқын көріне бастаған еді. ҚМДБ басшылығының  шешімімен  білікті де білімді азаматтың Ақтөбеге баруымен  батыс өңірінің беті бері қараған жайы бар.


  Ал Алла разылығы, ел бірлігі, мемлекет мерейі үшін 5 жыл аянбай еңбек етсеңіздер, халықтың өзі сіздерді алақанына сала бастайды,- деген Қарағанды облыстық ҚМДБ өкіл имамы Өмірзақ Бекқожа: Жас маман –  жақсы маман болу үшін ауыл-аймақта елмен бірге тыныстап, қиындыққа қарсы халықпен бірге жұмылып тәжірибе жинаған кезде ғана қол жеткізе алады. Ал ел басындағы қазіргідей имандылыққа зәру сын сағатында жылы жұмсақ мекенді, әсем орталықта қалу азамат атына лайықсыз,-деп жастардың жігерін қайрады.


Ал осыдан 125-130 жыл бұрын  Сыр өңірінде Қалжан ахун бабаның медресесі бүгінде тарихи мұражай болса да біздерге тақуалықтың бағдаршамы,- деген  Қызылорда облысының өкілі  Талғат Омаров  ата-бабаларымыздың қиын-қыстау замандағы еңбегін мысалға алды. Орталықтан шалғайда орналасса да ел бірлігінің арқасында медреседе  шәкірт тәрбиелеп, имандылықтың үлгісін аманат еткен бабалар жолын жалғастырар жастарды Сыр еліне шақырды.


«Алла разылығына кенелем десеңіздер, Атырауға келіңіздер,-деп сөз саптаған  атыраулық өкіл имам Батыржан Мансуров өзінің де білім қуап, имандылықты басылымдар арқылы насихаттаған кездерін айта келе, имамдық – үлкен академиялық мектеп екеніне көзі жеткенін жастарға жіті жеткізді. Бір ауданға бір ғана имамнан бұйырып тұрған қазіргі уақытта жас мамандар шалғайдағы ағайынның Аллаға деген үмітін үкілеп, білімін арттыру  өте маңызды екендігін аңғартты.


Ал Орал қаласының өкіл имамы  Руслан Сұлтанов пен БҚО дін істері департаментінің бас маманы  Мақсат Раманқұлов қазір Оралда мешітке қарағанда шіркеудің саны  әлдеқайда көп екенін алға тартты.  Қалада 3 мешіт, 21 шіркеу бар. Ал облыстағы 43 мешіттің тоғызында имам жоқ.  Облыста небәрі жоғары білімді 15 имам ғана бар. Ел ішіне бару – үлкен өмірлік тәжірибе мектебінен өту деді батыстан келген дін жанашырлары.


Өкіл имамдардың Нұр-Мүбаракқа келуі университеттегі Ұлттық аккредитациялауға дөп келгендіктен, студенттермен кездесуден кейін эксперттік топ мүшелерімен жүздесті. Бұл жүздесуге аймақтық өкілдерден өзге  Алматы қаласынан  Нұрбек Есмағанбет бастаған бір топ имамдар, Талдықорған өңірінің өкіл имамы Серікхан Ахмадиев және Имамдар білімін жетілдіру Ислам институтының директоры Кенжеәлі Қоңыратбайұлы мырзалар да бар. Өйткені аккредитация талабында жұмыс берушілермен сұхбаттасу мәселесі қамтылған. Нұр-мүбарак университетінің дамуы үшін  ұсыныс, талап-тілектерін ортаға салған  ҚМДБ-ның өкілдері  қазір аймақтағы діни ахуалдың Нұр-Мүбарак түлектеріне өте зәру екендігін де атап өтті.  Елдің имандылыққа, діни білімге  деген өте жоғары құлшынысы билік тарапынан жан-жақты қолдау тапса, бұл ең алдымен мемлекет болашағының мерейі.


Әрине өкіл имамдардың болашақ түлектермен кездесуін аз ақпаратпен жеткізуге де болар еді. Бірақ біз имамдардың өз аузынан естіген ақпарат арқылы елдегі діни ахуалды жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Өйткені, жұртшылық ақпараттану арқылы жан-жақтылық пен ықыласты ата дініміздің аясына жұмылдырса, болашағымыздың да жарқын болары күмәнсіз.


[gallery link="file" ids="15866,15867,15868,15869,15870,15871,15872,15873,15874,15875"]

www.nmu.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары