2015 жылғы 19-ақпанда Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» тақырыбымен І Республикалық имамдар форумы өткені белгілі.
ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының тапсырмасымен Балқаш қаласының бас имамы Түсіпбеков Асылхан Рахымжанұлы Балқаш қаласының мешітіне қарасты мешіт имамдары мен ақсақалдардың басын қосып І Республикалық имамдар форумы аясында семинар өткізді. Ел тарихында алғаш рет өткен республикалық форумда бірауыздан қабылданған құжаттар жайлы айта өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан таратылған «Қазақстан Мұсылмандары Тұғырнамасы», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерінің этикасы», «Мұсылман тұлғалық бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті» тақырыбындағы құжаттар таныстырылды. Сондай-ақ, дін қызметкерлерінің этикасы мен имамның тұлғалық келбеті қандай болуы керектігін көрсетілген құжаттардың Діни басқарма жұмысын жаңа деңгейге жеткізеді деген зор сенім айтылды.
Осылайша, бас имам Асылхан қажы Рахымжанұлы аталмыш құжаттардың маңыздылығы мен тарихи қажеттілігі жайлы имамдар мен ақсақалдарға кеңінен түсіндіріп берді. Шара соңында діни құжаттар мен «Иман», «Ислам және Өркениет» басылымдары таратылды.
Пікірлер