Шахтинск қаласында «Қазақстан барысы - 2015» сайысы ұйымдастырылып, бұл шараға 60 – қа жуық балуандар қатысып, күш сынасты. «Күш – атасын танымас», «Алып анадан туады» деген қанатты сөздер осындайда ойыңа еріксіз орала кетеді. Өйткені, күрес басында болғандардың басым көпшілігі нағыз күрес техникасын білетін, бұрын – соңды белдесіп жүрген азаматтар екеніне көзіміз жетті. Дене бітімі арық болғанына қарамастан алып денеліні жыққан күресшіні көріп, таңдай қақтық.
Аталмыш шараның шымылдығын ақжарма тілегімен Шахтинск қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары Ғалымтай Қаржасов ашып, қазақ жастарына, әсіресе, күрес десе ішкен асын жерге қоятын азаматтарға, шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Онан соң Шахтинск "Нұр" қалалық мешітінің бас имамы Досбол Сейдалиев сайыс қатысушыларын құттықтап, пайғамбарымыздың өнегелі өсиеттерінен уағыздар айтып, сәттіліктер тіледі. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте: «Нағыз мықты күресте қарсыласын жеңген емес, қатты ашуланғанда өз өзін ұстай (жеңе) білген адам» деп айтылған екен. Иә, сайыста жеңіліс тапса да сабырлылық танытып, дау көтермегендердің саны басымырақ болды десек артық айтпаған болармыз.
Әділ әрі адал өткен бұл сайыста жеңіске жеткен жеңімпаздарға ақшалай сыйлық және медальдар мен алғыс хаттар табыс етілді. Жеңімпаздардың қатарында мұсылмандар мешітінің наиб имамы Әсет Ибраев те болды. Күрестің жоғары деңгейде өтуіне қалалық мәслихаттың депутаты Ерлан Керімқұлов және қалалық «Нұр» мешіті атсалысты.
Пікірлер