Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрі Ислам құндылықтарына негізделген. Өйткені, мәдениет – діннің құрамдас бөлігі. Дінсіз мәдениет болмайды. Сондықтан, ақпараттар ағыны тасқындаған уақытта ұлттық мұраларымызды түгендеп, танып-білуіміз, мемлекетіміздің өсіп-өркендеу жолында алар орны ерекше.
Рухани мұраларымызға үңілсек қазақ мәдениеті Ислам әлемі мен өркениетінің ажырамас бөлшегі екенін байқауға болады. Тарихы терең қазақ халқының алмағайып замандарда жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел болып, дінін сақтап қалғаны – оның еркіндікке ұмтылған ерік-жігерінің, асқақ рухының, отансүйгіш иманы мен ибалылығының арқасы. Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халықпыз. Бұл – бабаларымыздан келе жатқан сара жол. Қазақтың салт-дәстүрлері Исламның асыл құндылықтарымен бітеқайнасып кеткен. Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқан хадистер қазақы нақыл сөзге айналып, халқымыздың таным-түсінігімен қабысып, тұрмыс-тіршілігімен ұштасып жатады. Жалпы алғанда, шариғат заңдарын өздерінің өмірлік қағидасы етіп алған ата-бабаларымыздың тарихы мен мәдениетінің, әдебиеті мен ғылымының Ислам дінімен астасып кеткеніне таңданудың еш қажеті жоқ. Бұл – тарихи заңдылық. Салт-дәстүрі сүннет пен хадиске негізделіп, Ата заңы асыл дініміздің негізінде жасалған жұрттың басқа жолды таңдауы да мүмкін де емес еді. Ақындары әуелгі сөзін Бір Алладан бастап, батырлары батасыз жорыққа шықпайтын халықтың бүгінгі ұрпақтарының бейбіт ғұмыр сүріп, биікке көз тастауы да – ғасырлар бойы қазақ елін сусындатқан асыл дініміздің арқасы.
Қазақ даласында Отырар, Сайрам, Түркістан, Өзкент, Сығанақ, Тараз, Баласағұн сияқты қалалар Ислам өркениетіне үлес қосып, әлемге танымал ғұлама ғалымдардың дүниеге келуіне әсер етті. Исламның қайнар бұлағынан сусындаған ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Махмұт Қашғари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн Ислам діні мен көшпенділер болмысын ұштастыра білді. Олардың өлмес мұралары Ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы қазақ халқының дүниетанымында Исламның рөлі басым әрі маңызды екендігін дәлелдей түспек.
Ислам дінінің қазақ мәдениетіне ықпалы
Ислам діні қазақ даласына VIII ғасырда келді. Тараз қаласының маңындағы араб әскербасы Зияд ибн Салих пен Қытай қолбасшысы Гао Сяньчжидің арасында болған Атлах шайқасында араб әскері жеңіске жетіп, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерлері азат етілді. Араб әскерінің бұл жеңісі Орта Азия жерінде ислам дінінің тарауына басты себеп болды. Әсіресе, Қарахандар дәуірінде қазақ мәдениеті гүлденіп, әлемдік өркениеттің дамуына үлес қосты. Ислам діні – адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлық дін. Оның туы желбіреген жерлерде әрдайым білім мен ғылым дамып, адамзат медениет пен парасаттың шыңына көтерілген еді.
Қазақ хандығының құрылуындағы Ислам дінінің рөлі (ХV-ХVIII ғғ.). Қазақ хандығы құрылғанынан бастап мұсылмандық құқықтық нормалaрынa жүгінді. Бaрлық қaзaқ хaндaры Керей мен Жәнібектен бaстап ең соңғы қaзaқ ханы Кенесары шариғатқа жүгініп билік жүргізген. Мәселен Қасым хан мен Есім хан негізін салған заңдар шариғатпен үйлесіп жатты. Оған Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» дәлел бола алады. «Жеті Жарғы» заңдар жүйесінде дін таратушы қожалардың әлеуметтік дәрежесін ерекшелеу ислам дінінің жоғары әлеуметтік ықпалын көрсетеді. Осындай заңдық құжаттардағы әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа негізделген.
Тәуелсіз Қазақстандағы Исламның орны
Қазіргі уақытта Ислам діні руханиятымыздың дамуына ықпал ететін ең үлкен күш. Қазақстандағы дәстүрлі ислам елдің әр өңірлерінде филиалдары бар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арқылы басқарылады.
Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жарияламастан бұрын 1990 жылы ҚМДБ өз алдына жеке діни бірлестік ретінде құрылды. Қазіргі кезде әлемдегі сүннит мұсылмандардың жартысынан көбі Ханафи мазхабын ұстанады. Ал Ханафилердің басым көпшілігі Имам Матуридидің бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады. Матуридилік мектептің ғұламалары бір жүйеге келтірген иман негіздері – Орта Азия, Түркия, Балқан түбегі, Қытай, Үндістан, Пәкістан аймағындағы мұсылмандар арасында кеңінен жайылған. Әсіресе, бұл жүйе түркі халықтары арасында көбірек таралған. Әрине, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары да бар.
Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке негізделген имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабы мен имам Матуриди сенім мектебінен сусындаған. Әбу Ханифа мәзхабы – біздің өмір салтымызбен бітеқайнасып, үндесіп жатыр. Бұл діни мектептің біздің болмысымызда тамыры тереңге кетіп, ұлттық мәдениетімізбен сабақтасып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, Әбу Ханифа мәзхабы – қазақ мұсылмандығының алтын діңгегі.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері мешіттер мен тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, жөндеулерден өтті. Жаңа мешіттер мен медреселер тұрғызылды. Қазіргі уақытта елімізде 2500 мешіт жұмыс істеуде.
Елбасының қамқорлығымен Алматы қаласында 2001 жылы «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр Ислам университеті ашылды. Бұл біліктілігі жоғары имамдарды, исламтанушыларды және араб тілі мұғалімдерін дайындайтын алғашқы ислами университет. Сонымен қатар, қазіргі уақытта елімізде 10 медересе жұмыс істеуде.
2005 жылдың 22 науырызында Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздегі ең ірі мешіттердің бірі «Нұр-Астана» мешіті тұрғызылды. Мешіттің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Елбасы: «Жаңа мешіт Қазақстанның жас астанасының нағыз рухани және діни орталығына айналады, ал оның өз сұлулығымен ерекшеленетін ғимараты қаланың сәулеттік келбетін көркемдей түсіп, оны қайталанбастай етеді. Діни ғимаратпен танысқан қала қонақтары Астана туралы қазіргі замандағы ең үлкен діндердің бірі исламды ұстанатын мемлекеттің астанасы деген ой қалыптастырады», – деді.
Сондай-ақ 2012 жылы Астана қаласында бір мезгілде 5 мың адамға дейін, ал мұсылман мерекелерінде 10 мың адамға дейін намаз оқи алатын «Әзірет Сұлтан» мешіті бой көтерді.
Адамзат тарихына қарасақ, мәдениет өздігінен қалыптаспаған. Барлық мәдениет діни сенім негізінде қалыптасып, дамып отырған. Сондықтан, еліміздің мәдени және әлеуметтік өмірінде ислам дінінің алатын орны ерекше, сондай-ақ өзіндік руханиятының ажыратылмас бөлігі екенін нық сеніммен айтуға болады.
Өмірзақ БЕКҚОЖА,
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы
Пікірлер