«Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды құнттай білгеніміз жөн.Әйтпесе, Құран Кәрімде ескерілген ақиқат жолынан айнып, адасқан қауымға айналып, кетуіміз бек мүмкін» (Дін мен дәстүр)
ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының ұйымдастыруымен Қарағанды облыстық орталық мешітінде дін мен дәстүрдің аясында «Жарасып тұр дәстүрім – иманменен» тақырыбында іс-шара өткізілді.
Игілігі мол шараның мақсаты - ұлттық құндылыққа толы салт-дәстүрімізді, ата дінімізді дәріптеу. Сонымен бірге тал бесіктен жер бесікке дейінгі кезеңге көз жүгіртіп, салиқалы пікір айтып, салмақты ой түйіндеу.
Тәрбиелік тағылымы мол отырысқа облыстық мешіттің наиб имамдары С.Құрманов, М.Жақия және мешіт кітапханасының оқырмандары, мешіт жамағаты қатысты.
Мешіт кітапханашысы Д.Інкарбайқызы және ҚМУ-нің, «Тәттімбет» атындағы колледждің жастары қазағымыздың құндылыққа толы дәстүрлерін насихаттады. Соның ішінде баланы бесікке бөлеу, сәбиді қырқынан шығару, тұсауын кесу, сүндетке отырғызу, отау құру сынды айтулы күндерде атқарылатын дәстүрлерге айырықша тоқталды. Дәстүрмен бірге асыл дініміздің де біте қайнасқан тұстары кеңінен айтылды. Қатысушы жастар қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі - тыйым сөздермен мақал-мәтелдерді айтудан жарысқа түсіп, шешендік өнерге икемділері анықталды.
Кейінгі өскелең ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен ұлттық киімдер, ұлттық аспаптар, ұлттық тағамдар мен үй жиһаздары, ұлттық ойындар көрсетілді.
Мешіт имамдары жастарымызға дініміз бен дәстүрімізді дәйім ұлықтауға, қастерлеуге шақырып, «Баталы ұлға бақ қонар» деген ізгілікпен ақ батасын жайып, мағыналы басқосуды Құран оқумен аяқтады.
Пікірлер