Халқымыздың ерекше көңіл-күймен күтетін ұлттық мерекесінің бірегейі әз-Наурыз күнінің қарсаңында рухани кештер мен қайырымдылық шаралар сабақтасты. Өкіл имам Өмірзақ Қазкенұлының бекіткен кестесі бойынша жоспарлы шаралар өз кезегінде сәтімен атқарылды. Атап айтқанда, жастарды имандылыққа баулитын «Жалпы және Жастар ісі» бойынша құрылған бөлімнің жұмысын жандандыру мақсатында бас имам Орманбет Болатұлы «Адамдық қасиет – Ұрпаққа өсиет» тақырыбымен қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының кіші залында рухани кеш өткізді. Оған қаламыздағы жоғарғы оқу орындарының екі жүз студенттері қатыстырылды. Рухани кеште Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі «Бес нәрсеге асық бол, Бес нәрседен қашық бол» деген жыр жолдары негізге алынып, адамгершілік құндылықтар салт-дәстүрімізбен астасып насихатталды. Кешке арнайы шақырылған қонақтар ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Ө.Бекқожа, ДІБ-ның басшысы Қ.Нүркенов, Жастар саясаты басқармасының басшысы М.Құттыбай және РАНТ мүшесі, облыстық мешіттің ұстазы Н.Тағаев қатысып өз кезегінде жан-жақты мағлұматтар мен рухани тәлімдік насихаттар айтылды. Жастарды баураған жақсы сөздерден соң кеш соңы ұлттық аспаптармен ойналған жыр маржандармен көмкерілді. Бас имам Орманбет Болатұлы жиылғандарды ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жастарды ұлттық рухта жігерлендіретін жиынды өткізген №1-мешітінің «Жалпы және Жастар ісі» бөліміне сәттілік тіледі. Кеш соңынан қонақтарға мешіт асханасындағы дастарханнан дәм берілді.
Қамкөңіл қарияларды құттықтады
Дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің қайырымдылық шараларын арттырып отыру бағытын басшылыққа ала отырып, келесі сауапты іс-шара Қазыбек би аудандық үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесіне қарасты қарттар үйінде жалғасты. Бас имам О.Құнанбаев қарттарды наурыз мерекесімен құттықтап, ақ ниетпен дастархан жайып құрмет көрсетті. Арнайы дайындалған наурыз көжеден ауыз тигізіп, он бес кісіге ет пен қалта толы азық-түлік үлестірді. Жергілікті телеарналарға сұхбат берді.
Жұма күні дәстүр дәріптелді
Қасиетті жұма күні мешітке келген бұқара халықты ұлттық мерекеміз наурыз айының кіруімен құттықтаған бас имам бұл күні де жалпы халыққа наурыз көже таратты. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда жүрсек жарылқаған жол болсын деген ақ тілектер айтылды. Ақсақалдар жерге құт, елге береке тілеп бата жасасты. Осы күнгі уағыз да «Ислам және жергілікті халықтың салт-дәстүрі» тақырыбында айтылды. Аллаға сансыз шүкірлер айта отырып, осындай мамыражай шуақты күндеріміз баянды болсын!
Қарағанды қалалық №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер