Бүгін Қарағанды қаласындағы «Нұр Отан» ғимаратында I-ші республикалық имамдар форумының аясын кеңейту мақсатында Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұйымдастыруымен, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының қолдауымен «Танымы биік – тұңғыш форум» тақырыбында облыстық имамдар конференциясы өткізілді.
Бұл конференцияның негізгі мақсаты - I-ші республикалық имамдар форумында қабылданған «Қазақстан мұсылмандары тұғырнамасы» құжаты төңірегінде шалғайда орналасқан елді-мекендерге, жалпы бұқара халыққа жеткізіп, осы бағыттарда сапалы да серпінді жұмыстарды атқару.
Облыстық имамдар конферециясына Қарағанды өңіріне қарасты қала, аудан, ауыл имамдары мен Дін істері басқармасының басшысы Қ.Қ.Нүркенов, Қарағанды облыстық Ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары Н.Р.Бекенов, ҚарМУ-нің профессоры М.І.Абдуов, Конфессияаралық проблемаларды зерттеу және талдау орталығының КММ басшысы М.Қ.Төлеу және Қарағанды қаласының құрметті азаматтары қатысты.
ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы өз баяндамасында 2015 жылы, 19 ақпанда бекітілген құжаттарды сала-салаға бөліп, жіктеп, маңызды мәселелерді толықтай қамтып «тайға басқандай» етіп ұсынған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұғыры биіктеуіне бірлескен іс-қимыл жасаудың қажеттілігі мол екенін айтып өтті. Сонымен бірге жиынға жиналған дін қызметкерлеріне аталмыш құжаттармен қатар «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты құжатпен жұмыс жүргізуді және бұқара арасында кеңінен насихаттауға шақырды.
Келелі кездесу барысында Дін істері басқармасының басшысы Қайрат Нүркенов, Қарағанды облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бекенов тұңғыш форумның тұғырлы болуына тілектес екенін білдірді. ҚарМУ-нің профессоры Мұхамедқали Абдуов облыста бірінші рет өткізіліп отырған игі бастаманы құптайтынын жеткізді. Ал, ҚМДБ-ның Дін мен Дәстүр жылының 2018-ге дейін ұзартылды деген айтулы жаңалыққа көпшілік дән ризалығын ерекше атап өтті. Саран қаласының бас имамы Мұхаметқали Саликов пен Абай ауданы, Топар кентінің бас имамы Мейрам Ибраев ҚМДБ-ның төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы хазретке және дініміздің көркеюіне үлес қосып жүрген барша имам-молдалардың істеріне Алла Тағаладан береке-бірлік беруін тілесті.
Мөлдір Шағырбаева
ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер