Түнеу күні кеншілердің мәдениет сарайында атап өтілген Мәуліт мерекесі жұртшылықтың көңілінен шықты. Алла тағаламыздың сүйікті елшісі болған Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтушылардың қатарында үлкендер мен қоса жастар да басымыр –ақ болды десек қателеспеген болар едік. Бұл айтулы күнге мекеме басшылары да, қалалық мәслихаттың депутаттары да қатысып, өнегелі өсиеттер тыңдады.
Шараны шахтинскілік айтыскер ақын Нұрмұхаммед Байсүгіров жүргізіп, Алла елшісі Пайғамбардың өнегелі өмірінен деректер беріп, хадистерін жеткізді. Жас имам Сұлтан Аманжолов пайғамбарымыздың рухына құран бағыштаса, Қарағанды облысының орталық мешітенен келген өкіл имам Бекқожа Өмірзақ және Мысыр елінің астанасы Каир қаласындағы Алиасқар университетін тәмамдаған жас маман Нұрбол Тағаев пайғамбарымызға салауаттар айтып, жиналған көпшілікті мағлұматтар және қажетті ақпараттармен сусындатып, Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жасаған еңбектерін, адамзат баласына істеген жақсылықтарын түсіндіріп берді.
Әсіресе, пайғамбарымызға дейінгі жер бетін зұлымдық пен қорқыныш билеген дәуірде, адамдарды жауыздықтан қорғау үшін Жаратқан Иеміз пайғамбарлық қасиетті қондырған бірден бір елші ол – Мұхаммед (с.ғ.с.) болғандығын және бүкіл сахабаларды, үміттерді тура жолға салып, әлемге әсемділік пен ізгілікті әкелген қайраткерлігін үлгі етті. Одан кейін сахнаның көркін қыздырып, халықтың көңілін көтеріп жүрген айтыскер ақындар Дидар Қамиев пен Мақсат Асқаров мерекеге орай шағын айтыс ұйымдастырып, көрермендерге, соның ішінде жастарға Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) көбірек салауаттар айтуды, ұялы телефонға, интернетке әуес болмай, намаз оқып, құран жаттап, пайғамбарымыздың хадистерін жүректеріне тоқуды жағымды жырлары арқылы насихаттады.
Сонан соң жиналған жұртшылықты қалалық мәслихаттың хатшысы Әмина Сатова мен қала әкімінің орынбасары Саят Бейсембек құттықтады. Мәуліт айының маңызы мен Ислам дінінің шынайлығы мен асылдығын паш етіп, пайғамбарымыздың өмір тарихынан деректер берді. Шараның көркін Қарағанды қаласынан келген С.Сейфуллин атындағы өнер театрының жас өнерпаз ұжымы қыздырды. Олар көрермендердің жүрегіне театрландырылған қойылымы арқылы жол тапты. Өзге ағымның жетегіне еріп, өз діні мен ата – анасынан, салт – дәстүрінен безіп, адасқан қазақ жігітінің өмірінен көрсеткен көрінісі көздерге жас ұялатты.
Бұдан кейін Астана медресесінің жас түлектері мәнерімен пайғамбарымызға арнап салауаттар айтса, имамдар тарапынан халыққа ізгі тілектер білдірілді. Кеншілер мәдениет сарайының көркемөнерпаздар ұжымы көпшілікке әннен шашу шашып, көңілдерді көтерді. Мәуліт кешінен соң мұсылмандар мешітінде қала ақсақалдарына, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына дастархан жайылып, ас берілді. Жаңадан келген жас бас имам Досбол Сейдалиевтің Мәуліт мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастырған сауапты ісіне дән риза болған халық, шексіз алғысын жаудырды.
Аманкелді Тұржанов
Пікірлер