Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің бастамасымен жарық көрген «Ел болам десең, бесігіңді түзе» кітабында: «Қазіргідей жаһандану заманындағы қоғамымыздағы кейбір жастардың әдепсіз әдеттерге, мұсылманға жат қылықтарға бой алдыруы, батыстық мәдениетке елітіп, ақырында болашағынан үміт күттірген өскелең ұрпақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтық, рухани құндылықтарға қарсы қиратқыш күшке айналуының басты себебі де, сөз жоқ, нақ осы имандылық тәрбиенің жоқтығынан. Жалпы бір ғасырдай уақыт бойы ажырап қалған төл дінімізге оралу, рухани құндылықтарды басты назарда ұстау қоғамда қордаланған талай түйткіл мәселелердің шешімі болып табылады.» -делінген. Сондықтан әрбір отбасының беретін тәлім-тәрбиесі мығым, дін мен дәстүрге берік болса оның жемісі де нәтижелі болмақ. Діни басқармамыздан бастау алған «Жалпы және Жастар» бөлімінің негізгі мақсаттары да ел болашағы жастарымызды жаңылмауға, ата-ананы құрметтеп, үлкенді сыйлауға, Отанымызды қадірлеуге, қоғамымызға пайдалы болуға үндейді. Аталмыш бөлім Қарағанды облыстық мешітінің жанынан құрылып, соның аясында жергілікті мешіттерде де бөлімшелер жасақталып өз жұмыстарын бастап кетті. Қарағанды №1-мешітіндегі «Жалпы және Жастар» бөліміне жетекшілік ететін мешіт азаншысы Мирас Эрланұлы бүгінде жастармен тығыз байланыс орнатып, тәрбиелік мәндегі іс-шараларды арттырып жатыр. Жыл басынан бері «Шариғат шәлісі мен оның мәнісі», «Жат әдетке құнықпа, жақсылыққа жуықта» тақырыптарымен ауқымды іс-шара өтті. Оған қаламыздағы жоғарғы және орта оқу орындарының жастары қатысып, өзара пікіралмасып, мешіт имамдары мен ұстаздарынан дәрістер тыңдалды. Дәстүрге сай, ділімізге жақын жоралғылар жаңғыртылды. Сондай-ақ құран бағыштаймын деген ниетпен келген жастармен сұхбат құра отырып, мешіттің тек қана ғибадат орталығы емес, мұсылман өміріндегі барлық жайттарға жаңылмай жол тауып, тұрмыстағы түйткілді мәселелердің шешімін табуға бағыт беретін рухани орын екендігі түсіндірілуде. Түрлі сауалдармен келген жастарымызбен сұхбаттасуға «Жалпы және Жастар» бөліміне арнап бас имам Орманбет Болатұлы арнайы бөлме ашып берді. Бөлмеге ҚМДБ-дан басылған жаңа туындылар, діни әдебиеттер қойылып, тәрбиеге қатысты бүктемелер дайындалды. Аптаның жексенбі күндері 70-ке жуық жастар мешітте бас қосып діни түсініктерін арттыру үстінде. Алдағы күндері ұлттық мерекеміз наурыз айына қатысты рухани іс-шара өткізу жоспарланып қойды.
Қарағанды қалалық №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер