Діннің басы – Ислам, тірегі – намаз, шыңы – күрес.
(хадис)
Нұра өңірінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туылған күнінің құрметіне орай «Адамзаттың асылы» атты рухани кеші аталып өтілді. Мәуліт кешінің бастауы мешіт шәкірті Байболсын Есенбектің оқыған әуезді азаны оқылды. Нұра ауданының әкімі Құдайберген Бексұлтанұлы айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы Мәуліттің қадір-қасиетін айта келе, өнегсі мол уағызды насихаттады.
Хадис шәрифтерде: «Кім маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он рет салауат (мейрімділік) етеді, оның он күнәсін кешіреді және дәрежесін он есе жоғарылатады»-делінген. Қарағанды өңірінің қала, аудан, ауыл имамдары бірге Мәуліт жырын зор толғаныспен оқып, жиналған көпшілікке Мәулітті оқудың, салауат жолдаудың сауабы мол екені айырықша әсер етті.
Ұлттық дәстүріміздің ізімен ақ кимешек киген әжелеріміз шашу шашып, халықтың көңілін шаттыққа бөледі. Астана қаласы «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы, дінтанушы Қуат қажы Ерғалиұлы ғибратқа толы уағызды насихаттады.Сахна төріне Оспанов Ардақ, Құмар Мұстафа, Ермек Мирас, Боташ Мерей сынды жастарымыз шығып, діни әндерді нақышына келтіре орындады.
Кертінді ауылынан келген жас бүлдіршіндер мән-мағынаға толы жыр жолдарын оқыды. Нұра ауданының бас имамы Құмар Қоныскерей аудан әкімшілігіне, мәулітті өткізуге демеушілік көрсеткен азамат, азаматшаларға және жиналған жұртшылыққа өз алғысын білдіре келе «Күміс алқа» иегері, жас ана Алина Әсемгүлдің жас та болса өмірі жастарға үлгі екенін айта келе, сыйлық тарту етті. Мазмұнға толы Рухани кеш соңында әнші Амангелді Шахарбаев «Зікір Алла» әнін үлкен толқыныспен орындады.
Мәуліт құрметіне орай «Арайлым» дәмханасында барша жамағатқа қазақы сал-дәстүрмен дәм берілді. Өкіл имам Өмірзақ қажы Құран оқып, елдің амандығы мен береке-бірлігін тіледі.
Мерекелік той қазақтың жабағы жарысы мен қазақша күресімен жалғасты.
Сәйкүліктің құлағында ойнаған ұрпақтарымыз жабағыларын мықтап баптаса керек. Әр қайсысы да жеңіске әбден лайық. Дегенмен «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші Нұрабай Айтуардың жабағысы суырылып шығып бірінші орынды иеленді. Тосқанов Амандық екінші орын алса, Айтжанов Аман үшінші орынға табан тіреді. Оларға 20000 теңге, 15000 теңге, 10000 теңге сыйақы берілді. Білек күшін сынайтын қазақша күресте Кертінді ауылынан келген Жақан Саржан түйе палуан атанып, түрлі-түсті теледидарды жеңіп алды. Сонымен бірге Мәуліт айының құрметіне ұйымдастырылған «Жетім көрсең жебей жүр» атты іс-шараға Алла разылығы үшін, үлкен қолдау білдірген «Мақпал» дүкені, «Әсем» сауда үйі, «Салтанат» базарында істейтін әпке-сіңілілерімізге шынайы алғыс білдірілді.
«Қиямет күні маған ең жақын болатын, менің шапағатыма ең лайық болатын адам – маған ең көп салауат айтқан адам»-делінген. Бұл хадистерден жиналған жамағат салауат айту мен дәстүрлі дінімізге деген сүйіспеншілігін арта түсірді.
Пікірлер