Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің имамдарға жүктеген тапсырмаларының қатарында қайырымдылық шараларын көбейту, нақты жүзеге асыру жағы баса айтылған. Бұл ретте ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының қадағалауымен қайырымдылық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Мария апай көп жылдардан бері жалғыз өзі бір үйде тұрып келеді. Қамкөңіл қарттың жанашырлары алыста болса керекті. Алайда «Жыржыс қажы» мешітінің бас имамы Аманбол қажы Рымқұлұлы мен мешіт қызметкерлері, мешіт жамағаты жиналып қарт ананы назардан тыс қалдырмады. Әрдайым бірігіп көмек қолын созып жүрсе, бұл жолы апай тұратын үйдің айналасын күл-қоқыстан, қалың қардан тазалап игілікті іс жасады. Бұдан бөлек ас-суын тасып, отынын жарып берген пейілі кең азаматтарға апайдың бір қуанып қалғаны анық. Қайта-қайта разылығын білдіріп: «Ислам-мейірімге, қамқорлыққа, ізгілікке толы дін екеніне тағы бір мәрте көзім жетті. Мұны сіздер осындай қайырымдылыққа толы істеріңізбен дәлелдеп жүрсіздер. Мешіттен шығып бара жатқан не мешітке кіріп келе жатқан адамдардың бойынан бір жақсылықтың, тәрбиеліліктің, қамқорлықтың нышаны білініп тұрады. Үлкен-кішісіне дейін аулада отырсам сәлем беріп өтеді. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізетті болу Исламға тән екенінің айғағы ғой. Аман болыңдар, жақсы адамдар»-деп ағынан жарылды.
Өзге ұлттан болса да, Исламның хақ екенін, қамқор қазақтың көп екенін жақсы біледі екен. Әз анаға бізде ұзақ ғұмыр тіледік. Лайым жүрегі мейрімділікке толы бауырларымыздың қатары көбейе берсе екен.
ihsan.kz
Пікірлер