Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Жауапсыздықтың жазасы
23 қаңтар, 2015 жыл 73 Басып шығару нұсқасы

 Қауырт жұмыспен жүріп сағаттың бес болғанын түнгі кезекшіліктегі медбике келгенде бір-ақ білдім. Бала емдеу қызметі емханадағы ең бір шаруасы көп, сапырылысып жататын қызмет болғандықтан, енді ғана күні бойғы қызу аяқ алыс саябырсып, емхана іші бір сәт тыныштыққа бөленген кез. Мен де кешкі емімді жасап болып, "уһ" деп дем алып, бір кесе шай мен "жан шақырайын" деп кабинетке бет алдым. Шаршағаным соншалық – үсті-басымды реттестіріп, өзіме қарауға да мұршам болмады. Кабинетке келгенім сол-ақ екен, телефон тағы безілдеп қоя берді. Отырған орнымнан әрең дегенде тұрып, телефон тұтқасын көтергенімде, ар жақтағы дауыс аяқ асты көлік апаты болғанын, апатқа ұшыраған жолаушылардың ішінде кішкентай балалардың да бар екенін, балалардың тамырын табу қиынға түскендіктен шұғыл түрде көмекке келуімді өтінді. Бар шаршағанымды лезде ұмытып, уақытында үлгерейін деп дереу бөлмемнен шығып бара жатқанымда, кезекші дәрігердің ми хирургына телефон шалып, келетінкелмейтіндігі жайында керілдесіп жатқандықтарын құлағым шалып қалды. Кезекші дәрігердің ренжіп айғайлаған даусынан құлақ тұнғандай: – Енді не қыл дейсіз?! Сонда қараусыз бұл адамдардың бәрі өлсін дейсіз бе?! Ештеңені білмеймін, тез келіңіз!.. Қонаққа баратындығыңызда менің шаруам жоқ! Өте маңызды қонақасы болса, алдын-ала кезекшілігіңізді біреумен ауыспадыңыз ба?!.. Сіз «Гиппократ» антын бермеп пе едіңіз?! Олар осылай айғайласып жатқанда, мен келген лифтімен тез арада төменгі қабатқа түсіп, жүгірген күйі жедел жәрдем көрсетуге кеттім. Айналаның бәрі қан. Улаған-шулаған ел. Жылаған дауыстар. Әркім өз жақындарын іздестіріп жатқан бұл көпшіліктің ішінде неден бастап, не істеу керектігін біле алмай дал болдым, дегенмен бәрі де қолынан келгенше бір-біріне көмектесіп жатыр. Жедел жәрдем көлігінде орын қалмағандықтан, жараланған адамдарды жақын маңайдағы ауруханаларға жеткізісіп жатты. Алғашқы көмек жасалғанмен қатты соққы алғандардың арасынан жағдайы тым қиын, ет жақын ешкімі жоқ 15-16 жасар бір балаға көзім түсті. Хирург қызмет орнына әлі келе қоймағандықтан, бала шетке шығарылып қойылған-ды. Жараланғандарға қолымнан келгенше ем жасағаннан кейін әлгі баланың қасына барып, оны ақырын сөзге тарттым. Ол менің бар айтқанымды түсінгенімен жауап бере алатын күйде емес еді. Өмірінің соңғы сәттері екендігін сезгендіктен, іштей қайғырып, жалғыз тастауға дәтім бармады. Мен оған қарап жатқанда, жедел жәрдем көлігі де босап, жаралалылар керекті ауруханаларға жеткізілді. Баланың жағдайы тіптен нашарлады. Ол менің қолымды қатты қысқан күйі «кетпе» дегендей көзінен жас парлап жатты. Мен еңкейіп оның бетінен сүйдім. – Қорықпа, сені жалғыз тастамаймын, бір мәнісі болар, – деп оны жұбатқан сайын бұрын-соңды көрмеген, маған бейтаныс бұл балаға ерекше бір жақындық сезіндім, оның қиналғанына өзім де одан бетер қиналғандай күй кештім. Миы зақымданғандықтан әрі ең қиын сәтте жақындары болмай, жалғыз қалғандықтан, бала қатты қиналумен болды. Онымен тағы қанша уақыт бірге отырғандығым есімде жоқ, бірақ ол бұл дүниемен әлдеқашан қош айтысқан болатын. Мен сонда да жас баланы өлімге қимай, әлі келе қоймаған хирург тез жетсе екен деп қатты тілдедім. Сол арада бала жаны үзіліп кетті. Сөйткенше хирург та келді. Маған ол баланың бетіне жапқан матаны алуымды сұрады. Матаны алғанымда, келген дәрігер бір ауыз тілге келместен буын-буынынан әл кетіп сылқ етіп жерге құлады. Не болғанын түсінбедім. Үлкен қонақасыдан келген еді, арақ-шарап ішіп қойды ма екен, жоқ әлде, жүрек талмасы ұстап қалды ма екен деп ойлап тұрғанымда, басқа дәрігерлер мәселенің мән-жайын ұғып та үлгеріпті. Келген хирург жаңа ғана ми жарақатынан қинала жан тапсырған баланың әкесі екен! Өкінішке қарай, өз қызметіне салғырт қарағандықтан, өз баласын ажалдан арашалауға қол ұшын бере алмай, өмір бойы өзегін өртер өкінішке ұрынды. Жалғыз баласының күйігінен жүрек талмасына шалдыққан әлгі дәрігер қайтып қызмет орнына орала алмады...

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары