Мәуліт өткізудегі негізгі мақсат – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірін мұсылмандарға дәріптеу, насихаттау. Әр бір мұсылман Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өзіне үлгі етіп өмір сүруі керек. Қасиетті Құранда дәріптелген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бойынан табылған ізгі қасиеттер адам бойына өз-өзінен қона қоймайды. Керісінше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері, сүннеттері, сипаттары, ахылақтары Расулаллаһқа (с.ғ.с.) қатысты әрбір мағлұматтарды және қасиетті Құранды көңіл қоя, оқып түсінумен, ізденумен, үйренумен, әрекет етумен адам бойына қалыптасады.
Айтулы Мәуліт мерекесінде «Бала қажы» мешітінде жұма намазы оқылып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауаттар айтылып, жамағатқа зәмзәм суы, құрма таратылды. Қасиетті мәуліттің құрметіне арнайы ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы қатысып, барша халықты Мәуліт мерекесімен құттықтап, жұма намазын өткізді. Жиналған жамағат бір-біріне жақсы тілектер айтып тарқасты.
[gallery link="file" ids="13394,13395,13396,13397,13398,13399,13400"]
Пікірлер