Шет ауданы «Жанқұтты би» мешітінің бас имамы Берік Алпысбайұлы ауданға қарасты ауыл имам-молдаларымен жиын өткізді. Басқосудың негізгі мақсаты - биылғы жылы атқарылатын жұмыстарды жүйелеу, пысықтау.
Жиын басында аудан имамы Б.Алпысбайұлы күнделікті бес уақыт намаз барысында имамдар мешітте болумен қатар намаздардың өткізілу барысына жіті мән берілуіне тоқталды. Ал, мешітке келуші жамағатпен қатар діни білімін толықтырып жүрген шәкірттердің санын арттыру басты тапсырма ретінде қаралды. Ары қарай имамдарға кесте түрінде дайындалған, ҚМДБ бекіткен жұма намазының, АНТ жұмыстарының тақырыптары таныстырылды.
Отырыс барысында бірқатар шаруалардың реті қарастырылды. Атап айтқанда апталық есепті ауыл молдалары ауданға өткізіп тұруы ләзім. Апталық есепте мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау, мектептерде оқушылармен кездесу ұйымдастыру т.б бірқатар тапсырмалар қамтылуы тиіс.
Сонымен бірге мерейлі мереке Мәулітті халық арасында кеңінен дәріптеп, уағыз-насихат жүргізілу айтылды. Мереке қарсаңында әсерлі кештер ұйымдастырып, халық жадында дәстүрлі ән-жырмыз бен діни әуендер арқылы атап өту керектігі маңызды екені түсіндірілді.
Жиын соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған «Жұма уағызы -II» атты кітабы барлық ауыл молдаларына үлестірілді.
Пікірлер