Хазірет Айша анамыз өте жомарт еді. Бірде екі баласын ертіп қайыр сұрап келген әйелге жаны ашып, берерге ештеңе таппай бір құрманы ұстатып, шын пейілімен шығарып салғаны бар.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жақын досы Халифа Муауия хазірет Айшаға Рамазан айында азық-түлік жіберген еді. Жіберген азығы айлар бойы жеуге болатындай өте көп еді. Айша анамыз өз үйін ойламай, келген азықтың барлығын ауылдағы жағдайы нашар отбасыларға таратып береді.
Кешке қарай көмекшісі Үммү Дүре ауыз ашарға бір нәрселер дайындамақшы болды. Қараса, үйде бірде-бір азық жоқ. Жағдайды хазірет Айшаға айтып:
— Уа, мүміндердің анасы, тым болмаса келген азықтан кішкене болса да үйге қалдырмадыңыз ба? — деді.
Хазірет Айша:
— Үммү Дүрре, мен өзімді еш ойламаппын. Және бізден де нашар тұратындар бар ғой, соншама азықты ұстап тұрғаным ұят болар. Алла Тағала бір жолын көрсетер. Сабыр етейік. Бүгін кешке де аузымызды сумен ашармыз.
Хазірет Айша көмекшісімен сөйлесіп тұрғанда, есік қағылды. Үммү Дүрре есіктің аузындағы әйелді көргенде таң қалды. Ешкімге айтпай, көршілері тамақ жасап алып келіпті. Хазірет Айшаның кедейлерді ұмытпағанындай Алла Тағала да оны ұмытпады. Өйткені көмектескеннің көмекшісі Алла Тағаланың өзі болады.
Пікірлер