Қазіргі кезде әлемде діннің атын жамылып түрлі жағымсыз әрекеттерге барып жатқан ағымдар көбейіп кетті. Ел ішінде іріткі салып, адамның санасын улап, дұрыс жолдан бұрып, сан қилы істері арқылы қоғамға зиянын тигізіп жатқан бұлардан қанша жастардың өздерін-өздері отқа салып, азапқа түсіп жатқандарын естіп, біліп жатырмыз.
Ойда ұстайтын бір мәселе, мұндай ұйымдардың қай-қайсысы болмасын насихат жұмысын үлкендерге емес, жастарға жүргізеді. Неге? Өйткені, оларға отқа да, суға да түсу үшін жастар қажет, жасы үлкен адамдар жарамсыз, сондықтан, керегі жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, жасы келіп, ақыл тоқтатқан үлкендер қандай жағдайда болмасын, әр істі ой елегінен өткізіп алып, жүзеге асырады. Ал, ақылынан гөрі аңқаулығы басым жастар тез көнгіш, еліктегіш болады. Теріс ниетті ұйымдардың бір негізі осында жатыр. Әйтпесе, ақиқат дін дегеніміз жалпы адамзатқа ортақ, жасқа бөлмейді.
Сондықтан, «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымын экстремистік ұйым деп танып елімізде оған тиым салынғандығы жайлы шешімнің қабылдануы өте орынды. «Бірлік, бірлік түбі - тірлік» деп халқымыз тегін айтпаған. Олай болса, үйлесім тапқан дін мен дәстүрімізді ұштастыра отырып, бейбіт өмірдің аясында алға қарыштап қадам баса берейік!
ҚарМУ, Филология ғылымдарының докторы, профессор
Мұхамедқали Ілясұлы Әбдуов
Пікірлер