Бисмиллаһи рахмани рахим.
Біз қазақ халқы әлімсақтан мұсылманбыз. Алла Тағаланың қалауымен қазақ елінің бағына VІІІ ғасырда Ислам діні нұр болып, барлық бақыттың бастауы болып келді. Кеңес кезінде қалыптасқан теріс қағида бізге Ислам діні қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен, зорлықтың күшімен келді деп түсіндірді. Ақиқатында Ислам діні бізге көркем уағыздың әсерімен халықтың саналы түрде қабылдауымен енгені мәлім. Бұған дәлел Қорқыт атаның айтып кеткен аталы сөздері мен адамзаттың ақыл-ойының биік шыңы болып табылатын Абу Насыр әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұн еңбектері дәлел. Ендеше ежелден қалыптасқан қазақ елінің имани сеніміне ешкімнің күмәні болмауы керек. Алайда қазіргі таңда еліміздің айрандай ұйып тұрған ынтымағын іріту үшін түрлі ағымдар мен белгілі топтардың жасалып жатқан жымысқы саясатын тоқтату барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан көп жұмыстар жасалуда. Сондықтан да мемлекетіміздің өркендеуіне, дәстүрлі дініміздің дамуына кесірін тигізетін бүлікшіл топтарға ел болып қарсы тұруымыз керек. Мәселен, мемлекеттік заң орындарының «Ат-такфир уаль-хиджраны» экстремистік ұйымдардың қатарына жататынын дәлелдеп, олардың елімізде үгіт-насихат жүргізуіне тиым салғанын құптарлық деп санаймын. Дінімізге қайшы келетін бүлікшіл топтардың алдын алу дегеніміз, келе жатқан дау менен жаудың бетін қайтару болып табылады. Олай болса Алла Тағаланың разылғы үшін білімді де иманды, елі мен жерін сүйетін, дініне берік, салтына адал мұсылман бауырлардың дініміздің гүлденуіне, мемлекетіміздің дамуына үлес қосқанын қалаймын.
Айтыскер ақын, филология ғылымдарының
кандидаты, ҚарМУ-дың доценті А.Б.Жұмағұлов
Пікірлер