Бүгін ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы облыстағы қала, аудан имамдарымен жиналыс өткізді.
Бұл жиында қала және аудан имамдарының Құрбан айт мейрамында атқарған жұмыстары, берілген тапсырмалардың орындалуы туралы есебі, облыстық орталық мешітке беріп жатқан ақпарлары, мақалалары, алдағы қысқа мерзімде атқаратын іс-шаралары туралы нақтылы жүзеге асатын жоспарлары тыңдалды. Берілген есептердің төңірегінде қосымша сұрақтар қойылды.
ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Ержан Қажы Малғажыұлы хазіреттің тапсырмасы бойынша талқыланып, әр имамға арнайы тапсырмалар мен міндеттемелер жүктелді. Өкіл имам алда атқарылатын бірталай шаруалардың тізімін айта келе қайырымдылық шараларына жиі шығу керектігін, уағыз-насихат жұмыстарын көптеп өткізуді және апталық есепті уақытылы жіберу сынды негізгі міндеттемелерді айтып өтті. Сондай-ақ мешіттердің айналасы жыл бойы көркейіп тұруы керек деген мақсатпен күз мезгілінде түрлі ағаштар отырғызу керектігі қозғалды. Имамдар жаңа тапсырмалар алып, нәтижелі жұмыстарды атқарамыз десті.
Алқалы жиын соңында Қарағанды өңірінің ардақтылары, зиялы қауымның өкілдері Жарылқасын және Ғабидулла атты ақсақалдарымыз асыл дінімізге сүбелі үлестерін қосып жүрген барша имамдарға халық атынан алғыс білдірді. «Халық айтса, қалып айтпайды» демекші, елдің пікірлерін, орынды айтылған сындарын жеткізді. Сөз соңында имамдарымыздың әр бір жаңа ісіне береке-бірлік тілеп, ақ батасын берді. Өкіл имам мешітке келген қонақтарымызға өз алғысын білдіріп, бағалы сыйлықтармен бірге иықтарына қазақы шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Жиын соңында құран оқылып, имамдар жақсылықпен жүздесейік деп тарасты.
Пікірлер