Құрбан айт биыл балқаштықтар үшін қос мерекемен басталады. Күллі мұсылман үмбетінің ұлық мерекесі-Құрбан айтпен қатар «Дін мен дәстүр» жылы болып өрбіген игі шара шаһарымыздағы мешітіміздің бой көтергеніне 20 жыл толуымен тойласты. Құрбан айттың алғашқы күні мешітке келген жамағаттарға тегін автобус жүргізіліп, мешітте айт намазы оқылып, балқаштық жамағат сәждеге бас қойды. Айт намазына арнайы Балқаш қаласының әкімі Ардақ Райымбеков қатысып, ұлық мерекемен жиналғандарды құттықтады. Балқаш қалалық мешіттің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбеков Құрбан айт жайлы құндылықтарды жұртқа жеткізіп, құран оқыды. Содан кейін құрбандық шалынып, жетім-жесірге, жағдайы төмен отбасыларға сойылған малдың еті таратылды.
Айттың екінші күні Алла үйінің маңында киіз үй тігіліп, Құрбан айт пен мешіттің 20 жылдығы мерекеленді. Бұған халық қалаулылары, ел ағалары, имамдар қатысып, арқаның арқалы ақыны Мақсат Ақанов жырдан шашу шашты. Сонымен қатар, термеші Елікбай Иса термелерін тебірене жеткізді. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Халықты жиып, қазан көтерген берекелі мерекенің бет пердесін түрген жүргізуші Қадыр Бай-Мырза Балқаш қалалық мешіт жайлы біраз мәлімет атты.
Содан соң, қалалық мешіттің найб имамы Досбол құран оқып, Төлеген қажы ақсақал батасын берді. Бұдан кейін сөз алған Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Айдын Қапашов жұртшылықты мерекемен құттықтады.
«Құрметті жамағат! Бүгінгі мешітіміздің 20 жылдық мерекесі мен Құрбан айт құтты болсын! Елімізге, баршамызға Алланың нұр шапағаты жаусын. Ел болып атқарған игі істеріміздің жемісіне қолымызды жеткізіп, кемел келешегіміз жарқын болсын деп тілейік. Барша мұсылман қауымына береке-бақыт, әр отбасыға тыныштық тілеймін. Болашағымыз жарқын болсын»-деп ой түйді қала әкімінің орынбасары Айдын Боранбайұлы.
Алла тағаланың ризашылығы үшін жасалған мейрам ұлт жадынан ұмытыла бастаған имани құндылықтарды және дін мен дәстүрді қайта жандандыруың меңзеді. Мерекенің мақсаты табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мәзһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді дәріптеу болды. Құбан айт мерекесіде қазақ қадірлі екендігі айтылды. Бұл жөнінде жырдан шашу шашқан арқаның арқалы ақыны Мақсат Ақанов:
Мұсылман болғаныма Аллаға шүкір,
Өкіліміз ең әділ таза діннің.
Балқашыңның басынан бақ кетпесін,
Астынан от кетпесін қазаныңның.
20 жыл аспандағы айға жетті,
Дауысы Алла деген азаныңның.
20 жыл қасиетті үйіміздің,
Нұрландырып келеді ажарын күн.
20 жылда қаншама иман келіп,
Құранның дәріптеді ғажабын мың.
Бүгінгі 20 жылын атап жатқан,
Жақсыларға бұрмайды назарын кім.
Асылхандай бауырыма алғыс айтып,
Ішіне кіргізейін ғазалымының.
Имандарың қалтқысыз қызмет етіп,
Иманы арта берсін қазағымның-деп жырын төкті. Содан кейін Қарағанды қалалық мешітінің найб имамы Оралбай Әділбекұлы және «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС өндіріс жөндегі директоры Марат Сәбитұлы, Төлеген қажы құттықтау сөзін жеткізді. Астанадан арнайы ат арытып келген термеші Елікбай Иса өзінің Майлықожа ақынның термелерін орындап, көңілдің керегесін кеңейтті. Осы күні ұйымдастырылған ұлттық спорт түрлері күрес, асық ату, садақ ату, арқан тартыс, тоғызқұмалақ көпшіліктің делебесін қоздырды. «Балқаш сазы» ардагерлер қоры, мәдени сауық орталығы мен М.Хамзин атындағы мысшылар мәдениет сарайы ұжымының өнерпаздары өнерлерін ортаға салды. Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталған ұлық күнде ұлағат болар істер атқарылды. Ақшаңқай киіз үйлерде қайырымдылық шаралары болып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін ыстық ас беріліп, құрбандыққа шалған еттер таратылды. Жиналғандарға ризашылығын жеткізген Балқаш қалалық мешітінің бас имамы Асылхан Түсіпбеков:
-Осынау берекелі күнге қаламыздағы Алланың жердегі үйі мешіттің тұрғызылғанына 20 жыл толуы орайласып отыр. Елбасының бастамасымен еліміз Құрбан айт мерекесінің алғашқы күнін демалыс күні ретінде мерекелеп келеді. Қасиетті Құрбан айт жамағаттың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Мұсылман мерекесі құл-шылықпен басталып, өзінің барлық сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен 2014 жыл «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялануына байланысты еліміздің бірқатар өңірдерінде көптеген іс шаралар өтуде. Биылғы Құрбан айт мерекесі дін мен дәстүр жылы аясында ұйымдастырылуы ұлтымыздың мерейін тасытқаны анық. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз-намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені-деген екен. Олай болса оқыған дұға-тілектеріңіз, шалған құрбандарыңыз қабыл болсын!-деді.
Сонымен қатар, игі-шараның өтуіне қолдау көрсеткен азаматтарға сый-сияпат жасап, иықтарына жағалы шапан жапты. Оларды қатарында ҚР Парламет Сенатының депутаты Нығматулин Е.З.,Ғизат ақсақалға, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС өндіріс жөндегі директоры Марат Бекенов және жеке кәсіпкерлер Тілеукерей Маканалин, Серік Қасымбеков сынды атымдай жомарт азаматтар болды.
Ұлтық спорттық жарыстарда алдынғы саптан көрінген жеңімпаздарды құттықтады. Жарыс қорытындысын хабарлаған қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің, спорт секторының меңгерушісі Ісбасар Шәкенов доданың жоғары деңгейде өткендігін мәлімдеді. Қазақ күресінен спорт шебері Айназ Қазанғапов түйе балуан атанып үлкен экранды теледидар еншіледі. Екінші орынға табан тіреген Руслан Бакшиев кіші экранды теледидармен және үшінші орын алған Дидар Махаев санды фотоаппаратпен марапатталды. Садақ атудан сұр мерген Жанәлі Жұмағазұлы атанса, екінші орынға садақ атудан спорт шебері Медина Тұрсынова тұрақтады. Үшінші орын Қадиша Кемелханның қанжығасында кетті. Асық атудан үш жас ерекшілігі бойынша өткен жарыста кіл мықтылар бой көрсетті. Ересек жаста бірінші орынды Әділ Шәйкенов, орта жаста Нариман Қалқаман, кіші жаста Ислам Өміржан еншіледі. Бұлардың барлығына ұялы телефон табысталды. Білектілердің сайысы арқан тартудан «Балқаш мыс зауыты» командасына бәсеке болар команда табылмады. Жұдырығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай жігіттер қарсыластарын тулақша сүйреді. Сөйтіп бірінші орынды қанжығалады. Сондай-ақ, екінші орынға «Болат» команадасы, үшінші орынға «Казкомбанк» командасы табан тіреді. Арқан тартыстан жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталды. Мерекелік шара концертке ұласып, түс ауа жамағатпен, келген қонақтарға жәнеде Арай жасөспірімдер үйінен келген балаларға ет таратылып, киіз үйлерде ас берілді.
Пікірлер