Құрбан айт намазына таң намазынан бастап жиылған жамағатқа №1-мешітінің наиб имамдары кезекпен уағыз айтып, халыққа ағайын арасындағы татулық пен мұқтаждарға жасайтын мейірімділік турасында, сауапты амалдар жайында уағыз айтты. Одан соң бас имам Орманбет Болатұлы қалың жамағатты айт күнімен құттықтап, құрбан шалудың сауабы мен айт күнгі әдептерді насихаттаумен жалғастырды. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров айтулы мерекемен халыққа ізгі тілегін жолдады. Жамағатпен бірге айт намазын оқыды. Әдеттегідей айт намазынан құрбан малдары шалынып, мешіттің ауласына арнайы тігілген киіз үйлерден бұқара халыққа дәм ұсынылды. Қажылар қауымы мен мешіттің қарттары ұйымдасып тіккен үйде балалар үйінен жиырма балаға, қарттар үйінен жиырма қарияларға дәм ұсынылып, бас имам сыйлықтар мен түрлі тәттілер салынған қораптар үлестірді. Киіз үйлерде қазақ халқының жыр термелері орындалып, діни мереке мен салт-дәстүріміз сабақтасты. Осындай игі істердің уақыт өте келе жанданып келе жатқанына көпшілік қауым риза болғандықтарын жеткізіп, өзге жерлерді айттау үшін тарап жатты.
Қарағанды қалалық №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер