Мұсылман жұртшылығының асыға күткен Құрбан айт мерекесі қарсаңында, Қарағанды қалалық «Бала кажы» мешітінде таң ата мешітке Құрбан Айт намазына жиналған жамағаттан мешіт іші лық толы болды. Бас имам Махмұд қажы Нұрұлы Құрбан шалудың қасиеті туралы уағыз-насихат айтып, Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түсетіндігін нақты айтып кетті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақыратынын айта келе, Алла Тағала сондай ізгі амалдар жасауды баршаңызға нәсіп етсін деп тілегін білдірді.
Кейін айт намазы оқылып, Құран бағышталды. Арнайы Айт намазына келген Октябрь ауданының әкімі Ержан Оралұлы барша қауымды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ ҚМДБ-ның дін және дәстүр жылы деп жариялауына байланысты, кигіз үй тігіліп жиналған жамағатқа дәм таттырып, ұлттық құндылығымызды насихаттайтын іс-шаралар ұйымдастырылып, халыққа ерекше көңіл күй сыйлады.
Алла Тағала баршаңыздың шалған құрбандықтарыңызды қабыл етсін!
Пікірлер