Қарағанды облыстық баспасөз клубында ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имам Өмірзақ қажы Қазкенұлы, «Хазірет әлі» мешітінің бас имамы Берік Нұрфазылұлы, «Балақажы» мешітінің бас имамы Махмуд Нұрұлы, Қарағанды облыстық орталық мешіттің наиб имамы Серік Құрманов және жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы болып өтті.
Қарағанды өңірінің өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы ең алдымен ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің «Дін мен дәстүр» жылы деп бекіткен үндеуін кеңінен түсіндіре жеткізді. Халқымыз үшін ұсынылған үндеуді тарқата келе, Құрбан айтта атқаратын ізгі амалдардың, құлшылықтардың екі дүниедегі сауабы жайында сөз қозғады. Сонымен қатар, қазан айының 3-і күні Қарағанды облыстық орталық мешіттің ауласында Құрбан айттың құрметіне ауқымы кең іс-шара өтетіндігі жайында айтылды. Ол күні мәселен, арнайы киізүй тігіліп, халыққа ас беріліп, ұлттық ойындарымыз (қазақша күрес, арқан тарту, асық ату т.б) ойнатылады. Сонымен бірге ұлттық ойындарды жаңғыртуға ат салысқандарға қаржылай және түрлі сыйлықтар құрметпен тапсырылатыны жайында айтып өтті. Ал, келесі күні яғни 4-і күні айт намазынан соң құрбандық шалынатыны, аталмыш рәсімнің қайда, қалай өтетіндігі сынды мағлұматтар да шет қалмады. Барлығын қамтып өтті. Сондай-ақ, Ислам әлеміндегі қастерлі айдың бірегейі Құрбан айттың ерекшелігі мен қасиеттері турасында және көпшіліктің көкейінде тұратын айтқа қатысты бірнеше сауалдардың басын ашып, шариғи үкімдермен жауап берді.
Имамдар екі тілде өткізілген кездесуде тілшілер тарапынан қойылған барлық сауалдарға халықтың Құрбан айтқа деген ықыласын айырықша бөлетіндей деңгейде айтып, тұщымды жауаптар берді.
Қарағанды облыстық орталық мешіттің баспасөз қызметі
Пікірлер