Қарағанды өңірі бойынша өкіл имам Өмірзақ қажы Қазкенұлының тапсырмасымен мешіт имамдары, ұстаздары аудандар мен ауылдарды аралап жастарымызға уағыз-насихаттар жүргізіп келеді. Жүйелі жұмыс нәтижесіз емес. Күн санап Ислам дініне оң көзқарас пен мұсылман бауырлардың қатары көбейюде. Осы орайда өзге ағымдардың теріс іс-әрекеттеріне жалпы экстремизмге Қасиетті Ислам дінінің еш қатысы жоқтығы жайында Қарқаралы ауданындағы №5 кәсіптік колледжі мен Егіндібұлақ мекенінде орналасқан №43 мектепте арнайы семинар өткізілді. Халқымыздың мәні тереңде жатқан салт – дәстүрі мен ата-бабадан жалғасып келе жатқан Ислам дінінің бірлігі мен тұтастығын сақтап қалу мақсатында Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұстазы Тағаев Нұрбол, Қарқаралы аудандық «Құнанбай қажы» мешітінің бас имамы Әміржан Әшімұлы және аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бауыржан Асқарұлының қатысуымен өткізілді. Сонымен қатар мектеп мұғалімдері мен №16, №44 мектеп оқушылары жиналды. Жалпы 200-ге жуық оқушы қатысқан семинарда сөз алған Құнанбай қажы мешітінің бас имамы Әміржан Әшімұлы мұғалімдер мен оқушылардың жиналу мақсаты мен келген қонақтарды таныстырып өтті. Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұстазы Тағаев Нұрбол оқушыларға экстримизмнің алдын алу, теріс әрекеттерден сақтану жолдарын, ауызбіршіліктің мықты болуын, береке-бірлік турасында мағынасы зор уағыз жүргізді. Әсерлі уағыздан соң оқушылар өз ойларын ортаға салып, сауалдарына тұщымды жауаптарын алды.
Пікірлер