Бұқар жырау ауданы, «Жыржыс қажы» мешіті мен аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен аудан орталығында «Дін мен Дәстүр»-Экстремизм мен терроризмге қарсы» атты тақырыбында рухани - танымдық конференция өтті. Ауданның мәдениет үйінде өткен үлкен жиынға ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкілі, Қарағанды облыстық мешіттің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы қатысты. Сондай-ақ «Нұрлы білім» қоғамдық қорынын төрағасы, Республикалық ақпарат тобының мүшесі Рүстем Маликұлы, Қарағанды облысы дін істері басқармасының Қарағанды облысы конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығынын директоры Жандос Нығман, КарМТУ-дың ректоры Ғазалиев Арыстан Мәуленұлы қатысты. Алқалы жиынды аудан әкімі орынбасары Ерлан Бейсенбайұлы жүргізді. Жиын басында Қарағанды облыстық орталық мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы «Дін мен Дәстүрдің» сабақтастығын айта келе ғибратты уағыздар айтып, жиналған қауымды бір серпілтті. Арнайы шақырылған теолог Рүстем Маликұлы қазақ және орыс тілдерінде жазып келген баяндамасын оқыды. Қарағанды облысы конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығынын директоры Нығман Жандос жаңадан құрылып жатқан орталықтарының болашағы жайында айтып, қос тілде уағыз – насихат жүргізді. Екі сағаттан аса жалғасқан конференцияға ауданға қарасты барлық әкімдер мен ведомства басшылары, АНТ мүшелері, ауыл имамдары, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілер, психологтар мен құқық қорғау қызметкерлері және мекеме басшылары қатысты. Жиналған жұрт арнайы мамандарға сұрақ қойып, көкейкесті мәселелеріне жауап алды. Сонымен қатар жиынға қатысқан ел ағалары ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді. Жиын соңы ары қарай мейрамханада ас берілумен жалғасты.
Пікірлер