Қажылық парызын өтеу әрбір мұсылманның ізгі арманы екендігі белгілі. Бірақ, қасиетті мекенге табан тигізіп, Қағбаны көзбен көру Алланың нәсіп еткен пендесіне бұйыратын «кез-келгеннің уысына түсе бермейтін» нығмет. Сондықтан қажылық парыздың амалдарын дұрыс, әрі тиянақты орындау үлкен ыждағаттылықты талап етеді. Денемен және дүниесімен ғибадат жасайтын осы құлшылық түрін жүйелі атқару мақсатында №1-мешіттің сыныбында Исламның бес тірегінің бірі - қажылық парызын өтеуге ниет етушілерге арналған дайындық сабақтары басталды. Бас имам Орманбет қажы алғашқы кіріспе сабақты бастап, қажылықтың сауабы мен оның сабырлықты аса қажет ететін тұстарын ашып берді. Қажылар қауымдастығының облыстағы төрағасы Жылқыбаев Қанат қажы дәрістерді жүйелеп, онкүндік сабақтарда өтетін қажетті тақырыптарды жалғастырды. Бейне көріністер арқылы ақпарат беру және қажылық уақытындағы оқылатын дұғаларды жатқа білу мен ихрам кезіндегі сақтанатын жайттардың барлығы сабаққа қатысушыларға мұқият даярланған. Қажылыққа дайындық сабақтарына қатысам деушілерге 04-15 тамыз аралығында сағат 14.00-де №1-мешіттің сыныбында дәрістер жалғасатын болады.
Пікірлер