Бүгін Ораза Айт мерекесінің алғашқы күні. Мұсылман қауымы асыға күтетін, жылына бір келетін, халық мәре-сәре болып, бір тойланатын Ораза Айтының орны ерекше. Қарағанды жұрты таңғы сағат 04:00-ден бастап Алланың жердегі үйі мешітке жинала бастады. Намазханаға жиналған жамағат таң намазын бірге оқыды. Мешіт имамдары кезектесіп ғибраты мол уағыздар айтып, Ораза Айты жайында кеңінен түсіндіріп насихаттады. ҚМДБ-ның Қарағанды аймағы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы барша мұсылман қауымына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіретінің құттықтауын жолдап, күннің аптап ыстығына қарамастан 30 күн бойы ауыз бекіткен күллі жамағатты Ораза Айт мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Және мешітіміздің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы тағылым мол уағыздар айтып, мешіттің ұйымдастыруымен өтетін мерекелік іс-шараны толық түсіндіріп, барша жамағатты мешіт алаңына шақырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үстіміздегі жылды «Дін мен Дәстүр» жылы деп жариялағаны болатын. Қарағанды облыстық орталық мешітіның ұжымы Ораза Айт мерекесі күні алғаш рет Дін мен Дәстүрдің сабақтастығын көрсетуге арналаған игі бастамамен арнайы іс-шара өткізді. Мешіт алаңында арнайы киіз үй тігіліп, ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз және белгілі зиялы қауымдар ақ дастарханға шақырылды. Кәрі-жасы жиналып ұлттық ойындарымызды жаңғыртуға ат салысып, қызу тартыс өтті. Мәселен, арқан тартыста жігіттеріміз топ-топқа бөлініп күш сынасса, найза лақтырудан қатысушыларымыз өз мергендіктерін көрсетті. Қазақша күресте нағыз палуандар анықталып жатса, басқалары ауыр кір тасын еркін көтеріп, елді таңдай қақтырды. Садақ ату, асық алу сайыстарынан да кіл мықтылар іріктелді. Кіл жүйріктерге мешіт ұжымы марапаттау қағаздары мен бағалы сыйлықтарды үлестірді. Халық бар ынта-жігерімен қатысушыларға жанкүйер болып, дүбірлі доданың куәсі болып қайтты. Жамағаттың көптігіне қуанып, ұлттық ойындарымыз осындай ұлық мерекелерде, әсіресе мешітімізде жиі өткізілсе екен деп, біз де тарқастық.
Орталық мешіттің баспасөз хатшысы Мөлдір Қуандыққызы
Пікірлер