Өкіл имам Өмірзақ қажының ораза айтына қатысты жүктеген тапсырмасының аясында бірқатар шаралар өз деңгейінде атқарылды.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде «Уа, Әбу Бәкір, әр қауымның өз мерекесі бар, біздің мейрамымыз осы» деп, ораза айттың мұсылмандар үшін ерекше мереке екенін білдірген. Айт күні ғұсыл құйынып, әдемі иіс себініп, барған жолымен емес қайтарда басқа жолмен қайту, жоқ-жітікке садақа үлестіру – сүннет істерге жатады. Осы сүннет амалды сүйіспеншілікпен орындап, адамзатты бауырмалдыққа жетелейтін айт намазына келген мұсылман қауымы бір-бірімен төс түйістіріп, жылы қабақпен бір-бірін құттықтасып №1-мешіттің іші мен сыртына лық толды. Бас имам Орманбет қажы Болатұлы ораза айтымен халықты Бас мүфтидің атынан құттықтап, айт күндегі ізгі істерді арттыруға үндеп, осы күндегі дін мен дәстүр сабақтастығын ашып көрсетті. ҚМДБ тарапынан ұлттық дәстүрмен негізделіп өткізілетін мерекелік іс-шаралардан хабарландыру жасады. Айт намазы өтеліп болған соң, тиянақты дайындалған бағдарлама ретімен мешіт ауласында гір тасын көтеруден, арқан тартысудан сайыстар өтті. «Күш атасын танымас» дегендей, жамағаттың ішінен 24 келі тартатын гір тасын 65 мәрте көтерген Жәлел атты азаматқа бас имам ақшалай сыйлық табыс етті. ІІ мен ІІІ-ші орын иелері де ақшалай сыйлыққа ие болды. Топтың бір шетінде асық атудан ойын өтіп жатты. Сегіз адамнан құралған алты топтың арқан тартысы да көпшілікті бір серпілтті. Жеңімпаз топқа да ақшалай сыйлықтар мен діни әдебиеттер табысталды. Тартысты бәсекеден соң мешіт ауласына арнайы тігілген киіз үйден дәм берілді. Мешіт шәкірттері дастархан басында жарапазан айтып, ұмытылып бара жатқан дәстүрді жаңғыртты. Кезегімен дәм татып шыққан жамағаттар келесі кезекте қазақша күрестен әртүрлі салмақта өзара белдесті. Балуандар да алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтарды иеленді. Бас имам зиялы қауым өкілдері мен қазыналы қарттарды да арнайы шақыртып, түскі асқа отырғызды. Тұрақты жасалып тұратын қайырымдылық шарасы да осы күннің құрметіне атқарылып, бірқатар жанұяларға азық-түліктен және ақшалай көмек көрсетілді. «Ораза айты құтты болсын» деген тақырыпта екі мыңнан аса бүктемелер таратылды. БАҚ – өкілдері арнайы репортаж жасап, бас имамнан сұхбат алды. Осылайша ораза айты өз деңгейінде жоспарлы түрде атқарылып, бауырмалдылық пен кішіпейілділік, кешірімділік пен сүйіспеншілікке бөленген бұқара халық ынтымақтастығын арттырды.
Қарағанды қалалық №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер