Биыл Рамазан жаз айларының аптап ыстығына дәл келді, соған қарамастан мұсылманның бес парызының бірі-ораза ұстаушылар Аллаға шүкір жылдан-жылға артып келеді. Қасиетті Рамазан айы мұсылман жамағаты үшін Хақ Тағаланың рақымы мен шапағатына бөленетін, сауабы мен берекесі мол ай. Бұл айда ораза ұстаған жан мен оған ауыз аштырған адамның сауабы еселеп жазылады. Бүгінде мешітке келіп, күні бойы Алла разылығы үшін ауыз бекітіп жүрген жамағатымызға ауызашар ұйымдастырып жүрген жерлестеріміз Аллаға шүкір баршылық. Мешітімізге арнайы келген Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жанар Бекбанова ораза ұстаған жамағатқа ауызашар ұйымдастырды. Ақшам намазынан соң күллі жамағат ақ дастарханға жайғасып, «бисмиллә» сөзімен оразаларын ашты. Мешітіміздің Бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы Бас мүфтидің мұсылман жұртына арналған сәлемін жолдап, ауыз бекіткендерге Ораза айының жақсылығын, қайырлығын тіледі. Ауыз ашар барысында наиб имамдар Ораза айының мәні мен маңыздылығына тоқталып, тағлымы мол уағыздар айтылды. Ауызашарға қазыналы қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз, қаламыздағы зиялы қауымдар және мешіт ұжымы қатысты. Мәні мен сәні жарасқан ауызашар соңында жиналған жамағат Аллаға шүкіршілік айтып, еліміздің амандығын тілеп тарқасты.
Пікірлер