Елімізде әсіресе оң, солын танып үлгермеген жас жеткіншектеріміз жат діндердің жетегінде кетіп жатқаны қаншама. Бұл қиындыққа тап болған ата-анасы, туған-туыстары қиын мәселені соңында зар илеп жүргендерді қоғамда кездестіріп жатамыз. Бұл өзекті мәселемен күрес жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, арнайы мамандардың қатысуымен жер-жерлерде түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. Қарағанды қаласына қарасты Сұрыптау елді-мекенінде «Ислам діні – экстремизм және терроризмге қарсы» тақырыбында мұсылман, християн дін өкілдері және жергілікті әкімшіліктің қатысуымен жиын өтті. Шараның мақсаты-ұлтымыздың келешегі, мемлекетіміздің тірегі, жарқын болашағымыздың ертеңі болған жастарды экстремизмге итермелеп, терроризмге апаратын іс-әрекеттер мен көзқарастардың қалыптасуына жол бермеу және алдын алу. Сондай-ақ, ислам дінінің экстремизмге және терроризмге еш қатысы жоқ әрі түбегейлі оған қарсы екендігін жеткізу. Жиынға қатысқан Орталық мешіттің наиб имамы Дархан Асылтайұлы: « Ата-аналарымыз балаларын мешітке кетті деп жайбарақат жүре беруіне болмайды. Экстремизм мен терроризимнің жетегінде жүргендердің дені мешітке келіп өз мақсаттарын іске асырып жататындары да жоқ емес . Мешітке енді ғана келіп жүрген барша бауырларымыз осындағы шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздарға жолығуына, туындаған сұрақтарына жауап алуына мешіт тарапы әрқашан дайын. Мәселе осында болар, балаларыңызға абай болып, туыстарыңыз әрдайым назарда болсын. Мешіт баршаға ашық дегім келеді. » Осы жиынның мақсатын тыңдай отырып, асыл дініміздің лаңкестік әрекеттің бастауы болған терроризмге еш байланысы жоқ екенін баса айта аламыз.
Пікірлер