Қасиетті Рамазан айы мұсылман жамағаты үшін Хақ Тағаланың рақымы мен шапағатына бөленетін, сауабы мен берекесі мол ай. Бұл айда ораза ұстаған жан мен оған ауыз аштырған адамның сауабы еселеп жазылады. Бүгінде мешітке келіп, күні бойы Алла разылығы үшін ауыз бекітіп жүрген жамағатымызға ауызашар ұйымдастырып жүрген бауырларымыз Аллаға шүкір баршылық. Қадір түнінің қарсаңында мешітімізге Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтың атынан арнайы ораза ұстаған жамағатқа ауызашар ұйымдастырылды. Ақшам намазынан соң күллі жамағат ақ дастарханға жайғасып, «бисмиллә» сөзімен оразаларын ашты.
Мешітіміздің Бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы Бас мүфтидің мұсылман жұртына арналған сәлемін жолдап, ауыз бекіткендерге Ораза айының жақсылығын, қайырлығын тіледі. Сонымен қатар, Облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әшімов келген қонақтарды қасиетті аймен құттықтап облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтың барша жамағатқа арналған құттықтауын жеткізіп, елдің амандығын тіледі. Ауыз ашар барысында наиб имамдар Ораза айының мәні мен маңыздылығына тоқталып, ғибратты уағыздар насихаттады. Ауызашарға қазыналы қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз, мешіт ұжымы және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Мәні мен сәні жарасқан ауыз ашар соңында жиналған жамағат Аллаға шүкіршілік айтып, еліміздің амандығын тілеп тарқасты.
Пікірлер