Қасиетті рамазан айындағы қадір кешінің қарсаңында қаламыздағы қарттар үйіндегі қарияларға лайықты құрмет көрсетілді. Рамазан айының қайырымдылық пен мейірімділіктің кеңінен қанат жаятын уақытын ұтымды ұйымдастырған бас имам Орманбет қажы Болатұлы №1-ші мешіттің асханасынан қарттарға арнап ауызашар дастарханын даярлап, ақ жаулықты аналар мен көнекөз қарияларды қатыстырды. Құрметті қонақтарды тұрақты мекен-жайларынан арнайы микроавтобус жалдап, келіп кетуіне қолайлы жағдай жасады. Мешіт асханасында дәм берген қарияларға қазақтың қонақжайлық қасиетін жаңғыртып, дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің дін мен дәстүрді сабақтастыруға үндеген бағытын басшылыққа ала отырып, қонақкәде ретінде сый-сияпат үлестірді. Бұл жолы қарияларға шапандар, үлкен сүлгілер, жылы шұлықтар, ұлттық оюлармен нақышталған тақиялар, ақ жаулықты аналарға жаулықтар мен жылы киімдер, кондитерлік шоколадтар тарту етілді. Сауапты басқосудан соң қариялар мен мешіт жамағаттары дүниеден өткендерімізді еске алып дұға бағыштап, еліміздің келешегі кемел болсын деген ниетпен бата жасады.
Пікірлер