ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажының облыс көлеміндегі мешіттерге жүктеген тапсырмаларының бірқатары қайырымдылық негіздегі іс-шараларды жетілдіру болатын. Осы тұрғыда №1-мешітте игі дәстүрге айналған қасиетті рамазан айындағы қайырымдылық іс-шаралар тағы да жалғасын тауып, оразаның отыз күнінің құрметіне отыз жанұяға көмек көрсетілді. Бас имам Орманбет қажы Болатұлы мешіт тарапынан тұрақты көмек көрсетіп отыратын жүзден астам жанұяның отыз отбасы мүшелерін мешітке арнайы шақырып, азық-түлікпен толтырылған қалталар үлестірді. «Рамазан – жарылқау айы» деген тақырыппен өткен қайырымдылық шараға қатысқандардың арасында көпбалалы отбасылар, әлеуметтік аз қамтылған жанұялар мен Көкпекті ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен кісілер болды. Бас имам шараға қатысқандарды рамазан айымен құттықтап, еліміз бен жерімізге тыныштық тілеп бата берді. Жергілікті БАҚ өкілдерін қатыстырып, бұқара қауымды жақсылық жасауға үндеп, қайырымдылықтың сауабы турасында сұхбат берді.
Пікірлер