Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

ӘЙЕЛДЕР ЖАМАҒАТЫ МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІН ҰЛЫҚТАДЫ
17 қазан, 2022 жыл 505 Басып шығару нұсқасы

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша «Әйел- қыздар секторының» ұйымдастыруымен мәуліт кеші аталып өтті.

Айтізбесі бойынша бұл ай - Мүбәрак Мәуліт мерекесі бар Рабиғул-аууал айы. Мәуліт мерекесі - Ғаламдардың рахым нұры, Екі дүниенің Сұлтаны, қараңғылықта қалғыған адамзат әлемін жарық нұрға бастаушы, Адамзаттың ұстазы Мұхаммед Мұстафа ﷺ дүниеге келгеніне, әлемдерге жіберілгеніне шүкіршілік етудің тарихтан қалған асыл өнегесі.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы өкілдігі «Әйел-қыздар» секторы жылдағы үрдіс бойынша қасиетті мерекені ұлықтап, «Ғибратты ғұмыр» атты рухани мәуліт кешін өткізді.

Рухани шара  Құран оқумен басталып, ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Әбдіғали Естай Айтуғанұлы әйелдар жамағатына ардақты Пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен сыр шертетін естеліктер айта келіп, жиналған жамағатты қасиетті мерекемен құттықтады. Одан кейін Астана қаласынан арнайы келген кештің құрметті қонағы, «Әйел-қыздар» секторының басшысы Динара Құтқожақызы «Пайғамбардың сипаты» жайында уағыз-насихат айтты. Кезекті насихат «Әйел-қыздар» секторының Қарағанды облысы  бойынша жауапты өкілі Бақытгүл Айтқалиқызының «Мәуліттің тарихы мен құндылығы» атты уағызымен жалғасты.

Шарада ұстаздардың орындауында мәуліт жырының арабша нұсқасы орындалды.   Одан кейін, «Қали Байжанов» атындағы филормонияның әншісі Гүлмира Топайдың орындауында мәуліт жырының қазақша нұсқасы орындалды. Рухани шара Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің ұстазы Бакирова Арай Серғалиқызы мен «Қазыбек би» мешітінің ұстазы Тапина Карина Қайратқызының «Алла елшісінің өмірбаяны» атты насихатымен жалғасты. Одан кейін мәуліт айының құрметіне орай ұстаздардан құрылған топ ән айтты.

Рухани кештің бағдарламасы аясында арнайы Мәуліт Шәриф оқылды. Сонымен бірге, мәуліт айының құрметіне орай «Мәуліт мүшайрасы» атты сайыс ұйымдастырылды. Шығармашылық сайысы «Пайғамбарға арнау» және «Сағыныш хаты» атты екі номинациядан тұрды. Қатысушылардың арасынан белсенділік танытып, ең үздік деп танылған қатысушыларға бірінші, екінші және үшінші орындардан жүлделі сыйлықтар берілді. Шығармашылық мүшайрасына Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешіті демеушілік етті. Шара соңында «Пайғамбарға арнау» термесі орындалды. Қоштасу құтпасы оқылып, хатым дұғасы жасалды.  

Кештің арнаулы қонақтары мен ақсамайлы аналар құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің мерейін асырды. Алла Елшісінің ﷺ өнегелі өміріне қатысты құнды насихаттармен сусындап, адамзаттың Ұстазы, Пайғамбарлар Сардары Мұхаммед Мұстафаның шұғылалы өмірнен мағлұмат алды.

Рухани кеште әйелдер жамағатына арнайы фуршед дайындалып, дастархан әзірленді.

 

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары