Әр халықтың өзіне тән ұлттық тәрбиесі бар. Сол секілді қазақ дәстүрінде тәрбиелік мәні жоғары жоралғының бірі – тұсаукесер тойы. Шілдехана-бесік тойдан кейін сәби өмірінде ерекше аталып өткізілетін салттың бірі – тұсаукесер.
Ер көңілді, жаны жомарт қазақ ұрпағының жолынан ешнәрсесін аямаған. Ұрпағы таршылық, тапшылық көрмесін, бай-бақытты молшылық ғұмыр кешсін, көңілі дарқан даладай, текті, жетелі, ел-жұртына сиымды, бауырмал, қадірлі, қайырымды көпшіл азамат болсын деген ата-ана алғашқы қадамын майлап, тұсауын кестіруді өз борышы санаған.
Алғаш қадам басуға талпынған кішкентай бөбегінің тұсауын мешітте кесуге ниеттенген ата-аналар Балқаш қалалық мешітіне ат басын бұрды. Осылайша ата-бабамыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрін қасиетті Алланың үйінде жүзеге асырды. Берекелі шарада қаз-қаз басқан баланың тұсауын Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы Айтқазин Рауан кесіп, өздерінің ақ тілегі мен баталарын берді. Атадан балаға жалғасып келе жатқан игі дәстүріміз өз жалғасын таба берсін. Өмірге жаңадан қадам бақсан бүлдіршіндеріміз ертеңгі ел болашағының алтын көпіріне айналып, текті еліміздің тұғыры биік азаматы мен азаматшалары болсын. Әмин!
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер