Алла Тағала адам баласын жаратқан соң ақыл мен нәпсіні қатар беріп, бүкіл жаратылысқа берілмеген таңдау еркін адамдар мен жындарға беріп қойған. Адамның келесі өмірдегі жұмаққа барып рахат табуы немесе тозақта азапталуы осы өмірдегі таңдау еркіне байланысты. Ақылын тыңдап, осы өмірде жақсы амалдар жасаса дәрежесі періштеден де жоғары болып, мәңгілік бақытқа жетері анық. Ал, нәпсісін тыңдап, көңіл қалауымен әрекет етер болса дүниенің соңынан жүгіремін деп қалай дәрежесінің жануардан төмен болып кеткенін де байқамай қалады. Біздің бүкіл өміріміз осы ақыл мен нәпсінің күресінен тұрады. Сондықтан да нәпсімізді үнемі бақылауда ұстап, тәрбиелеп отыруымыз – маңызды міндетіміз. Өз дәуірінің үлкен ғалымы Әл-Хасан әл-Басри: «Жиһаддың ең үлкені нәпсімен күресу» деп, нәпсіні тәрбиелеп отырудың, нәпсімен күресудің маңыздылығын айтып кеткен. Қасиетті Құранда нәпсінің үш түрі бар екені айтылған. Олар: жамандыққа бұйырушы нәпсі, сыншыл нәпсі және орныққан нәпсі. Жамандыққа бұйырушы нәпсі туралы Құранда, «Жүсіп» сүресінің 53-аятында былай дейді: «Нәпсімді ақтамаймын, расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ та Раббым мархабат етсе, ол басқа. Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді». Адамның тәні әрқашанда белгілі бір азыққа мұқтаж. Уақытында тамақтанып, дем алып отырмаса тәнімізде аурулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан да, нәпсінің қалауын орындап отыру да қажет, алайда шектен шығып, тек нәпсінің қалауының соңынан қуып кетпеген жөн. Себебі нәпсі жоғарыда айтылғандай, тек жамандыққа бұйырады. Нәпсімізді ақылымызға бағындырып, адамилық қасиетімізді сақтау – біздің екі дүниеде де жеңісіміз болмақ.
Нәпсінің екінші түрі – сыншыл нәпсі. Иман келтірген, шынайы мұсылманның нәпсісі дәл осындай сыншыл нәпсі деп айтуға болады. Өзінің ішкен-жегенін қадағалап, істеген ісіне байыппен қарап, ақырет үшін пайдасын бағамдап жүретін мұсылманның нәпсісі – сыншыл нәпсі болып табылады. Нәпсісіне еріп ғайбат айтып қойса немесе белгілі бір күнә жасағанда тәубеге келіп, өз-өзін жазғырып отырушы адамның жүзі екі дүниеде де жарық болары айқын. Себебі, ондай нәпсінің иесі өзінің ақырет жолына шығып бара жатқанын, жолының соңында Әлемдердің патшасы, Раббысымен жолығарын біледі. Раббысының алдында күнәһар күйде тұрудан қорқып, жаманшылықтан тыйылады. Мұндай адам Алланың рақымымен жұмаққа лайықты болары анық. Нәпсімізді осындай сыншыл етіп тәрбиелеу – әр мұсылманның алға қойған биік мақсаты болуы керек.
Орныққан нәпсі – нәпсінің үшінші түрі. Алла Тағала қасиетті Құранда «Фажр» сүресінің 27-аятында: «Әй, орныққан нәпсі! Уа, (Аллаға иман келтіріп, құлшылық етіп, дұға етіп) жаны жай тауып, көңілі орныққан жан!», - деп сипатталады. Бұл аятта орныққан нәпсінің иелерін көркем түрде сипаттайды. Осы өмірге не үшін келгенін шынайы ұғып, Раббысын танып, құлшылыққа ықыласпен бет бұрған пенденің нәпсісі орныққан нәпсі болып есептеледі. Әрі қарай осы аяттың жалғасы ретінде «Фажр» сүресінің 28-аятында «Раббыңа, Ол сенен, сен Одан разы болған түрде қайт!» деп бұйырған. Бес күндей өте шығатын мына жалған дүниеден Раббымызды разы етіп қайту қандай ғанибет десеңізші?! Бізді жоқтан бар еткен Алла Тағаладан осындай орныққан нәпсі сұрауымыз керек. Өйткені, Алла елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір кісіге: «Аллам! Мен Сенен жай тапқан, Сенімен кездесетін күнге иман еткен, тағдырға риза болған, бергеніңе қанағат еткен нәпсі сұраймын», - деп айт», - дегенін Амамат риуаят еткен.
Жоғарыда айтылған нәпсінің үш дәрежесін ой елегінен өткізіп, нәпсіміздің тәрбиесін қолға алуымыз – біздің естілігімізді аңғартады. Алла Тағала әр мұсылман өз нәпсісін иманына бағындырып, Раббысын разы ететін ғұмыр кешуді баршамызға нәсіп етсін!
Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат
ihsan.kz
Пікірлер