Рия туралы айтпас бұрын, Имам Мүсілім арқылы жеткен мынадай бір өсиет хадисті келтіруді жөн санадық: «Қиямет күні Алланың құзырына бірнеше адамды әкелінеді. Хақ Тағала бірінші адамнан: «Сен не тындырдың?» деп сұрайды. Ана пенде: – Шейіт болып, жанымды бергенше, сенің жолыңда аянбай соғыстым, – деп жауап береді. Хақ Тағала: – Жалған айтып отырсың! Сен ел-жұрт «неткен батыр адам!» деп айтсын деп соғыстың, - деп, оны жәһаннамға лақтыруға бұйрық береді.
Келесі болып білім үйренген ғалым адам әкелінеді. Алла Тағала одан: «Жақсы нығметтерге жету үшін не істеп едің?» деп сұрайды. Әлгі адам: – Ғылым үйрендім, өзгеге үйреттім сенің ризалығың үшін Құран оқыдым, – деп жауап береді. Хақ Тағала сол кезде:
– Сен адамдар «керемет ғалым екен» деп айтсын деген ниетпен ғылым үйрендің ғой. «Құранды қандай тамаша оқиды!» десін деп Құран оқыдың, осы рияың үшін деп оны да тозаққа лақтыруға бұйрық береді.
Одан кейін мал-мүлкі көп бай адам әкелінеді. Алла Тағала өзінің оған берген игіліктерін есіне салып: – Ал жарайды, сен сол игіліктерге ие болу үшін не жасадың? – деп сұрайды. Әлгі пенде:
– Сенің ризалың үшін мал шаштым, – дейді. Алла Тағала: «Айтып отырғаның жалған сен «мынау неткен жомарт адам» десін деп жасадың» – дейді. Сөйтіп оны да жәһаннамға лақтыруға бұйрық береді.
Бұл хадистен біз не түсінеміз? Абай атамыздың 38-ші қарасөзінде «бұл жолда риясыз, жеңілдіксіз бір қарар тұрып іздеген ғана кісі істің кәмәлатына жетпек» дегеніндей амалдық қабыл болмағы риясыз ықыласқа байланысты екен. Біздің көбіміз қателікті дәл осы жерден жіберіп аламыз. Адамға мақтану үшін немесе өзін жақсы етіп таныту мақсатында жасалатын амалдар риға жатады. Қандай хайырлы іс жасап, мақсаты елге жақсы көріну үшін ғана болса ол – рия жасағанмен тең.
Тәкаппарлық бойымызда болған кезде рия да қатар жүреді. Оны біз иманымызбен ғана жеңе аламыз. Иманды қуаттау арқылы көптеген әрекеттерді саналы тұрғыда саралап, сауапты іске ұмтыламыз. Ал, рия сауапты жоятын амал. Бұны біз жоғарыдағы хадистен көріп отырмыз. Ел арасында тараған жақсы оқиға бар. Қысқа әрі нақты мысалмен көптеген түйіннің басы шешіледі. Ол оқиға желісі бойынша ертеде тақуа діндарды жап-жас жігіт іздеп келді. Ол тақуадан адам ретінде толық жетілудің жолын сұрайды. Тақуа айтады: – Сен бүгін түнде бейіт басына бар да, таң атқанша өлгендерді мақта. Олар саған не дейді, соны маған айтарсың.
Жігіт тапсырманы бүлтіксіз орындайды. Таңертең ерте ұстазына келіп «өліктер ешқандай тіл қатпағанын» айтады. Тақуа айтады: – Онда сен бүгін тағы бар, таң атқанша өліктерді жаманда, тілде мүмкін сонда тіл қатар, – дейді.
Шәкірт оны да орындайды. Таңертең ұстазына келіп «өліктердің ләм-мим демегенін» айтады. – Балам, – дейді қария. – Сен бұл дүниеде жетілген адамдардың қатарында болғың келсе, тура өліктер сияқты мақтаса да, даттаса да міз бақпайтын болғанда ғана жетесің!
Осы оқиғалар желісі арқылы біз қандай іске амал етсек шынайы ниетпен, ықыласты түрде жасауға шақырғымыз келді. Хадистің де халық аузындағы әңгіменің де ғибраты мол.
Балқаш қалалық мешітінің бас имамы: Тольтаев Е.М.
ihsan.kz
Пікірлер