Мың айдан да қайырлы Рамазан айының соңғы он күндігінде де шаһарымызда жүзеге асыып жатқан игі істер өз жалғасын тауып келеді. Бұл жолы Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешітінің ұйымдастыруымен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтар тарту етілді. Халық арасында кеңінен айтылып жүрген асыл сөздердің бірі «жетімді қуантсаң жерде жетпіс, көкте жетпіс періште қуанады» деген. Атап айтқанда балаларға базарлық және күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, оның ішінде шаңсорғыш, электрошәйнектер, үтіктер, сондай-ақ, киім салғыш қораптар сыйға берілді. Игі шара жергілікті мешіт жамағаты мен жомарт жандардың демеушілігімен жүзеге асты. Жетімді күту, көңілін аулау, тіпті сәлем берудің өзі де үлкен құлшылық болып есептелінеді. Кем дегенде жетімнің басын сипаудың өзі пайғамбар (с.ғ.с.) қалаған сүннет. Жетімнің басын сипағанда қолымыз неше шаш талшығына тисе, сонша періште жаратылып, ол адамға салауат айтып тұрады. Жетімге қарайласумен біз Алла тағаланың ризалығына бөленіп, сауапқа кенеліп, халықтың батасын алып, жүрегімізді мейірімділікке бағыттап, жақсылыққа жетеріміз хақ! Алла тағала жетімдерге қол ұшын беретін асыл азаматтардың санын арттырғай!
ihsan.kz
Пікірлер