Бірлік пен татулық - береке бастауы

"Қазақстан халқының 1-мамыр ынтымақ пен бірлік күні" мерекесінде Кеншілер шаһарындағы киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлігі жарасып, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстарды олбыстық "Әнет баба" мешітінің Бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы, "Балақажы" мешітінің имамы Махмуд Нұрұлы, "Ана-Мама" қоғамдық қорының жетекшісі Марат Қанатұлы айтулы мерекемен құттықтады. Еліміздегі бір тудың астында бейбіт ғұмыр кешіп жатқан қарттарымызға құрмет көрсетіп, рамазан айының құрметіне қайырымдылық істерде қоғамның игілігіне белсенді үлес қосып отырған "Зекет" корпоративтік қоры мен "Ана-Мама" қоғамдық қорының атынан дәрумендерге толы азық-түлік кәрзеңкесін тарту етті. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген халық даналығымен сусындап өскен бүгінгі буын берекені көздей отырып, елдің мерейін үстем ететін тірлік жасаудан еш жалықпаған.
"Біз-біргеміз, тілегіміз-ортақ" деген игі ниет аясында тілі басқа болғанмен тілегі бір күллі адамзаттың амандығы үшін Алла тағаладан  дертке шипа, бойымызға төзімділік пен сабырлық, елімізге береке мен бірлік, тұрақтылық пен діни тұтастық тілеген Бас имам әр отбасында бата жасады.

         "Береке бастауы бірлік, ел іші-тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның өзіндік орны бар. Тарихымызға үңілсек, ел басына күн туған сынақ замандарда да халқымыздың тұтастығын сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Қара қазанын ортайтпаған қанағатшыл халқымыз өмір соқпақтарында өзгені өзекке теппей, ұтымды іспен, шынайы ниетпен, тарылмайтын кеңдігімен еліміздің тамырын тереңге тартып ел іргесін кеңейтіп келеді. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс қанатын кеңге жаяды.

        


 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін