"Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті" шығармашылық кеші өтті

Қаламыздағы "Достық үйі" кешенінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы "Жастар ісі" секторының жауапты өкілі, облыстық "Әнет баба" мешітінің наиб имамы Нұржігіт Оразалыұлының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. "Сен де сүй, ол Алланың жаннан тәтті" тақырыбымен өткен шығармашылық кешке құрметті қонақ ретінде Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы, Арқаның ақиық ақындары Қуаныш Мақсұтов, Айтбай Жұмағұлов шақырылды.  Сондай-ақ ардагерлер мен ЖОО студент жастары қатыстырылды. Кеш барысында жастар Абай хакімнің орамды ойларымен айшықталған өлеңдерін оқып, өнегелі өмір жолынан ғибратты мысалдар келтірді. Адам бойына рухани сергектік ұялататын жырдан шашу шашылды.   Иә, "Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу", - дейді Абай хакім.

         Өткізілген рухани кештің мақсаты- Абай шығармашылығын жас ұрпақтың жүрегіне терең бойлатып, Абайдың жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңілу, сөз патшасы - өлең құдіретінің асыл сөз маржандарын бойларына сіңіру, ғұлама Абай мұрасын, нақыл сөздерін, философиялық ой - толғауларын насихаттау болды. Сөз алған бас имам Өмірзақ қажы:

-Дана Абай өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан анағұрлым зейінді, ұғымтал жөне ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты бір оқып, кітапқа қарамай жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Сонымен дәріс үстінде оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытын Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге салынған"-деп, хакім өмірінен үлгі алатын маңызды жайттарды жеткізді. Ақындар да тұщымды сөздерімен жастарды жігерлендірді. Халқына еңбек етіп, тер төгуді басты мұрат санаған, ұлы тұлғаны насихаттауды мақсат еткен, жас болса да игі істердің басында жүретін Нұржігіт Оразалыұлы жастарды имандылық пен білімпаздыққа шақырып өз ойларымен бөлісті.   

Айта кететін болсақ, Абайдың іргелі еңбектерінің бірі әрі бірегейі – қара сөздер. Осы сөздердің бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан "Абай" журналында жарық көрді. Артынан Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды.

 



 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін