Бас имам "Көктем" қоғамдық қорында қонақта болды

Қайырымдылық - көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйішпеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады.Қайырымдылық— адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар. Бірі — рухани-экономикалық жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау), Екіншісі — іс-тәжірибелік жағы (іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу).

         Қарағанды облысының бас имамы Бекқожа Өмірзақ Қазкенұлы қаламыздағы "Көктем" Қоғамдық қорының кеңсесінің салтанатты ашылу шарасына қатысып, өзінің құттықтауын білдіріп, қор мүшелерімен сұхбаттасты. Құрылғанына жыл толмаған қоғамдық қор бұған дейін де қайырымдылық шараларда, қолдан келгенше ауқымды істер атқарып, жақсылық жолында біраз тәжірбие жинақтаған. Осы қайырымы мол игі жолда 130-дан астам еріктілер топтасқан. Кеңсенің ашылу салтанатында лента қыйылып, Қасиетті Құран аяттары оқылды. Ақ жаулықты аналар ықыласты тілектерін айтып, ақындар тәрбиелік мәндегі арнауларын арнады.      

         Бас имам өз кезегінде: - "Құран Кәрімде Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)»[1] , деген. Әрбір иманды жанның осы аяттан алатын ғибратты да, ізгілікке жол көрсететін өнегесі де баян етілген. Бұл жайында қазақ халқының салт-дәстүрінің сонау белестерінде де көптеп айтылған. Қайырымдылық жасасаң, Қайырын өзің көресің, -  демекші қандай қайырымды істер жасасаң да барлығы өзің үшін деп ата-бабамыз да мақал-мәтелдерде айтып кеткен. Осы жалған өмірде қандай да бір игілікті, қайырымды істеріміздің сыйы Алла тағаланың жәннаты екенін жадымыздан шығармай, соған амал етуге жазсын. Алла тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін!"- деді. Игілікті шара барысында алдағы уақытта атқарылатын әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға нақты көмектер көрсету, көпбалалы аналарға қолдау таныту, қандай да бір зәру жандарға қол ұшын беру сынды қайырымды істерде мешітпен бірлескен жұмыстар атқарылу пысықталды. Иә, бірлескен істе береке бар.

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін