МЕШІТТЕГІ МҮБӘРАК МӘУЛІТ

Бабаларымыз ежелден тәуелсіз ел болуды армандап, сол жолда малын да, жанын да аямаған. Тәуелсіз ел болғалы тіліміз бен дініміз, салт-дәстүріміз қайта жаңғырып, алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көрінуге әр азамат шамасы келгенше еңбек сіңіріп келеді. Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Қарағанды қаласының іргесіндегі Үштөбе елді мекенінің жаңадан салынған зәулім мешітінде әз Пайғамбарға деген махаббаттың ерекше көрінісі ретінде мәуліт кеші болып өтті. Жылдағы дәстүр бойынша жақсылықтың жаршысы болып жиылған жамағаттың қарасы көп болды. Мешіт іші мерекелік көңіл-күйді арттырардай әсем болып безендірілген. Аллаға құл, пайғамбарға үмбет болған, еңбектеген жастан еңкейген кәріге дейінгі жамағаттың жүздері бал-бұл жанып, төс қағыстырып, төрге жайғасты. Көптен күткен мүбәрак мәуліт кешін Үштөбе мешітінің бас имамы Жандос Нығыман өзі бастап жүргізіп, ауыл халқымен бірге алыс-жақыннан келіп отырған құрметті қонақтарға алғысын білдірді. Осы мерекеге арнайы ат басын бұрып, алтыннан қымбат уақытын қиып Нұр-сұлтан қаласынан келген, Құранды бастан аяқ жаттап, бүкіл өмірін Құранға арнаған қарилардың тәуелсіз еліміздегі көшін бастап келе жатқан, Республикалық қарилар орталығының басшысы Сәдуақас қари Олжабайұлы кеш шымылдығын Құранның пайғамбар жайлы аяттарын оқумен ашып берді. Алғашқы болып сөз алған Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы Пайғамбар бойындағы асыл қасиеттерге тоқталып, жақында ІІІ-ші Республикалық имамдар форумында қабылданған Қазақстан мұсылмандарының «Жеті рухани қазық» құжатында қамтылған жеті үлкен қасиет жайлы үлкен тебіреніспен сөз қозғады.

Қасиетті Мекке қаласындағы қасиетті бұлақтан әкелінген зәм-зәм суы келгендердің барлығына үлестіріліп, көпшілік болып тілек тілеп, қасиетті судан ауыз тиді. Пайғамбарға деген махаббатпен жиналған жамағатқа зәм-зәм суын Меккедегі бұлақ басынан барып ішу нәсіп болсын деген тілек айтылды. Үштөбе ауылдық округінің жаңа әкімі Саят Нұрғазыұлы құттықтау сөзін сөйлеп, сонау қасиетті Меккеден келген зәм зәм суын ішу бақыты бұйырғанын ерекше әсермен қабылдағанын айтып ағынан жарылды. Үштөбе мешітінің шәкірттері дайындаған «Ең абзал дос» атты шағын көріністе пайғамбардың құнды қасиеттері айшықталып, көпшілікке ой салды. Көрініс соңынан шәкірттер жиналып пайғамбарға салауат айтты. Соңынан Республикалық имамдар форумында қабылданған Қазақстан мұсылмандарының «Жеті рухани қазығы» құжатында белгіленген 7 қазықты түрлі-түсті, көлемді қағаздарға басып шығарып, мешіттің 7 шәкірті көрерменнің көз алдына алып шықты. Имамдар олардың әрқайсына түсінік беріп өтті. Мешітте білім алып қана қоймай қолөнер үйірмесіне қатысып жүрген кішкентай қыз балалар пайғамбарға деген махаббаттарын матаға түсіріп, жылтыр тастармен көмкеріп, пайғамбар мешітінің көрінісін матаға жылтыр тастармен жапсыра бейнелеп, әлемнің әр тіліндегі «Мен пайғамбарды сүйемін» деген сөзді мата бетіне ұсақ жылтыр тастармен жапсырып алып келген екен. Періште пейілден туындаған тартымды туынды жиналған жамағатты таң қалдырып тамсандырды. Онымен қоса пайғамбар жайлы жаттаған тақпақтарын бірінен соң бірі кезек-кезек айтқан бүлдіршін шәкірттерге жамағаттың ынта-ықыласы ерекше болды.

2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануына орай Үштөбе мешіті облыстық «Әнет баба» мешітінің қолдауымен рамазан айының алдында «Құран оқып, нұр қонған!» атты эстафеталық медиа байқау жариялаған болатын. Бұл байқау жайлы кезінде елімізге танымал уағызшы-ғалым, Сарыағаш медресесінің директоры Әбдіғаппар Сманов интернет беттерінде оң пікірін білдірген болатын. Байқау шарты бойынша таңдалып алынған «Юсуф» сүресін күнде үш аяттан жаттап, қатысушылар әлеуметтік желі арқылы бір-біріне жолдап, 111 аяттан тұратын сүрені толық жатқа меңгеріп шықты. Осы байқауда ерекше белсенділік танытып, «Юсуф» сүресін толық жаттап шыққан конкурсанттарды Сәдуақас қари жамағат алдында аталмыш сүрені әр жерінен жатқа оқытып тексеріп, мүдірмей іліп әкетіп, жалғастырған, жүзден жүйрік жігіттерге арнайы жүлделер мен марапаттар табыстады. Атап айтқанда, Қарқаралы ауданының имамы Қуатбеков Асқар – бас жүлдеге тігілген ноутбукты иеленсе, Олжас Есенов атындағы Қарағанды медресесінің шәкірті Амандосов Айбол 1-орын (70 мың теңге), Талдықорған қаласынан арнайы келіп, бақ сынаған Еренұлы Ерасыл 2-орын (50 мың теңге) және Кәрібаев Қайыржан 3-орын (30 мың теңге) иеленді. Кәсіпкер демеушілердің тіккен жүлделері жеңімпаздарға табысталған соң, мешіт асханасында жанашыр жандардың қолдауымен жасалған дастарханнан дәм ауыз тиіп, қонақтар разылықпен тарқасты.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін