Қарағандыда жұма күні "Күнгей" мешіті ашылды

Аллаға шүкір, бүгінде еліміздің көптеген аймақтарында Жаратқанға мінәжат етіп, рухани қуат алып құлшылық жасайтын мешіттер қатары артып келеді. Бұл дегеніміз - тәуелсіз еліміздің тыныштығы мен діни тұтастығының және халқымыздың асыл дінімізге ықыласты ынтасының нәтижесі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан: "Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері."– дейді. Мешіт - тәлім мен тәрбие ордасы, мұсылманның тілектерін бір Алладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешірім сұрап, тәубеге келер мекені. Мешіт салу және оның қатарын арттыру сауапты іс деп таныған кәсіпкер азамат Алтай Оралтайұлы 2018-жылдың қасиетті рамазан айында алғашқы қазығын қаққан күннен бастап, тынымсыз еңбектің арқасында араға бір жыл салып 2019-жылдың Мәуліт айының мүбарак болған жұма күнінде мешіт құрылысын аяқтады. Мешіттің ашылу салтанатына Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің Бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы, қалалық мәслихат төрағасы Бексұлтан Құдайберген және қала, аудан имамдары мен қала тұрғындары қатысты.  Күллі мұсылманның қуанышы болған салтанатты рәсімде бас имам қаламыздың шағын ауданын жаңа мешітпен толығуымен құттықтап сөз сөйледі. Елім деп еміренетін Алаш азаматтарының қатарының артуын және елдің есендігін басты мұрат санайтын саналы ұрпақтың салауаттылығын сөз еткен бас имам мешіт салған Алтай Оралтайұлына алғыс хат табыстап шапан кигізіп, анасына қамқа киім кигізіп құрмет көрсетсе, Арқа азаматтары ата-баба дәстүрін жаңғыртып атпал азаматқа ат мінгізді. Ұлт пен халық қамын ойлауды қанына сіңіріп, ұлағатты тәрбие берген Алтайдың анасы Гүлнәр Қыдырманқызы жиналған халыққа аналық ақ тілегін айтты. Қалалық мәслихат төрағасы Бексұлтан Құдайберген елдің қуанышына ортақтасып, ізгі ниетін білдірді. Ақсақалдарымыздың ақ батасымен ашылған Күнгей мешітінде алғашқы жұма намазының алдында бас имам "Екі дүние сардары" тақырыбында уағыз айтып, жамағатпен намаз оқылды. Жамағатқа Бас мүфтидің бұйрығымен осы мешітке тағайындалған бұған дейін облыстық "Әнет баба" мешітінде наиб имам қызметін атқарған "Халал өнімдерін стандарттау" бөлімінің Қарағанды облысы бойынша жауапты өкілі Абрахман Ысқақ Рахымбекұлын таныстырды.  Жұма намазы аяқталған соң мерейлі күнге жиналған халыққа арналып мешіт ауласында ыстық тағам таратылып,  іргелес дәмханадан қосымша ас берілді. Ас алдында Алла елшісіне (с.ғ.с) мәуліт-шариф оқылып, сансыз салауаттар айтылды. Сонымен қатар, мешіт құрылысына қол ұшын беріп жүрген ынталы азаматтарға алғыс хаттар табысталды. Иә, Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған. Құран Кәрімде: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ахирет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі жасайды. Міне солардың тура жол табулары үміт етіледі» - деген. (18 Тәуба )

Мешіттердің қоғамды ізгілендірудегі атқарар ролі зор. Себебі, мешітте, намазда қалыптасқан шынайы достық бар. «Намазды жамағатпен оқу жалғыз оқығаннан жиырма жеті есе артық» делінген хадисте. Парыз намаздарды мешітке барып, жамағатпен оқу – сүннет. Үйде жамағатпен оқылған намаздың жамағат сауабы болса да, мешіт сауабы табылмайды. Бұл дегеніміз - бірлік, тұтастық, татулық, сыйластық, достық, етене араласуды білдіреді. Бүгінгі ашылған мешіт аймақтың бет-келбетін көркемдетіп тұр және осы елді-мекеннің мұсылмандығының белгісі. Аллаға, ақыреттке деген иманымыздың айғағы.

 

Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің баспасөз қызметі

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін